2 - САБАҚ

«Адам»

Киелі Жазбада Құдай адамзат туралы көп айтады. Біз өзіміздің қандай жағдайда екенімізге мән беруіміз керек. Құдай Сөзі бойынша, біз осы әлемде күнә жасап, Құдай жаратқан нәрселердің бәрін жойып, бүлдірдік. Егер біз басқа планетаға көтеріліп, аспаннан өз қолымыздағы жемісімізге қарасақ , осы дәлелдемемен келісер едік.

Шындығында, осы қоғамда қылмыс пен зұлымдық көптеп кездеседі. Өйткені, біз соғысамыз, өлтіреміз, жек көреміз, тіпті қызғанып, бір-бірімізбен жауласамыз. Киелі кітап бойынша, бұның бәрі күнәнің жемісі.

1. Адам күнәқар
2. Адам өзін-өзі құтқара алмайды.

Ендеше, осы екі мәселені қарастырайық.

Адам жаны өте қиын жағдайға шалдыққан, ол адамзаттың ұрпағына жайылған. Киелі кітап ол туралы былай дейді: «Бәрi де күнә жасап, Құдайдың өздерiне белгiлеген ұлылығынан құр алақан қалды». (Римдіктерге арналған хат 3:23). «Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты». (Ишая пайғамбардың жазбасы 53:6).

Киелі кітап бәріміздің күнәқар екенімізді көрсетеді. Күнә – бұл адамзат ұрпағын жоятын ауру. Адамдар ой арқылы, ісінде және сөздерінде де күнәға беріліп, Құдай берген өсиеттерді сақтамай, Құдайға ұнамсыз күнә жасайды. Ешкім күнәнің қандай мөлшерде өз жүрегінде бар екенін білмейді. Ал бүгінде психологтардың тұжырымы бойынша адам өзінің қате істерін 90% ұмытып кететін көрінеді. Жаман істеріміз бізге ұнамағандықтан, оларды есімізден тез шығарып тастаймыз.

Есте сақтау аяты:

«Адам бүкiл дүниеге ие болып, сол себептi өмiрiнен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмiрiн құтқару үшiн қандай құн төлей алады?». (Матай жазған Ізгі хабар 16:26).

Киелі кітапта айтылғандай, адам күнәқар. Ол Құдай заңын бұзды. Егер біз кішкентай күнә жасасақ, соның өзінде Құдай заңын бұзғанымыз болып есептелінеді. Ойланып қараңызшы , жалғыз бір-ақ күнә!

Біздің мемлекетімізде қылмыскер болу үшін барлық заңды бұзу қажет емес, тіпті, бір заңды орындамағанның өзінде, құқық қорғау қызметкерлері сізге іздеу салады. «Ей, Шолпан жұлдыз әрі таң шапағы (іспетті болған Бабыл патшасы)! Аспаннан сен қалай құлап түстің! Халықтарды таптап келген сен өзің қалайша жерге лақтырылдың! Өйткені іштей былай дегенсің: «Мен аспанға көтерілемін, өз тағымды Құдайдың жұлдыздарынан да жоғары орнатамын! Қиыр солтүстікте орналасқан, (жалған тәңірлер) жиналатын таудың басындағы тағыма жайғасамын. Биік бұлттардан да жоғары көтеріліп шығамын, өзімді Хақ Тағаламен бірдей қыламын! Қайта, сен о дүниеге, тұңғиықтың түбіне лақтырыласың!». (Ишая пайғамбардың жазбасы 14:12- 15).

Киелі кітапқа қарағанда, адамзат ұрпағының жағдайы бір нәрсеге байланысты оданда қиындай түсетінін көреміз. Яғни, Құдай біздіің қандай болғанымызды қалайтыны: «Сонымен көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!». (Матай жазған Ізгі хабар 5:48.)

Адам күнәқар болғандықтан, өзін-өзі құтқара алмайды. Мәңгілік өмірге игі істерді істеу арқылы ие бола алмайды. Киелі кітапта былай делінген: «Тіпті бүкіл Таурат заңын орындай тұра, бір жерінде сүрінген адам оны түгел бұзғандай айыпты». (Жақыптың хаты 2:10).

Өлім хәлінде жатқан Елизабет ханым өз дәрігеріне: «Егер өмірімді алты айға созсаң, мен саған Британия империясының жарты байлығын беремін», – депті. Бірақ дәрігер оған алты ай түгілі, алты секунд та сыйлай алмады. Игі істерді істеу арқылы мәңгілік өмірді алу тіпті мүмкін емес. Сонда Аспан Патшалығына ешкім бара алмайды ма?

Шынымен де солай көрінеді. Бұл адамға шешілмейтін мәселе болып, ешкім аспанға бара алмайтындай болып көрінеді. Бірақ Киелі кітапта былай делінген: «Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді. Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады». (Матай жазған Ізгі хабар 7:13-14).

Яғни, Құдай Патшалығына кіре алатын болсақ, бұл үшін өзге жол болуы тиіс. Ол неден тұрады? Енді осыны түсіну үшін Құдайдың адам туралы айтқанын ғана емес, Өзі туралы не айтқанына мән беруіміз керек.

Біз өзіміздің күнәқар екендігімізді білдік және осы күнәқар болмысымызды өздігімізден жеңе алмаймыз.

Құдай сізге жар болсын!

Екінші сабақтың тапсырмалары:

1. Адам өзін-өзі тани алады ма, яғни сіз өзіңізді тани аласыз ба?
2. Сіздің ойыңызша «күнә» дегеніміз не?
3. Өміріңіздің мағынасы неде?
Email



Рақымдылық. 2 бөлім pdf