Құдаймен қалай жүздесе аламыз


kudai.kz

“Құдай, қайдасың Сен? Сен маған керексің. Сені қалай таба аламын?” Бір сәтке ойланып көріңізші, мүмкін, осы сөздер Сіздің жүрегіңіздің халін білдіретін шығар. Бүкіл жан-тәніңізбен Құдайды іздеп, Оны аңсап, Оны шақырған кездеріңіз болды ма? Осы ізденісіңізде Сіз жалғыз емессіз.

Адамдар әркез және әрқашан Құдайды іздеген. Оларда көптеген сұрақтар болған: “Құдайды қалай табуға болады? Ол Кім? Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеу керек? ” Құдайды іздеп табуға деген талпыныс әрбір адамға тән нәрсе. Осы сұрақтарға жауап алмайынша біздің жүрегіміз тыным таппайды. Осы сұрақтарға жауап таппастан көптеген адамдар осы өмірден қайтады. Бәрімізді күтіп тұрған тағдыр осы ма? Жоқ. Құдай былай дейді: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кішіпейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы - билігім Менің, әрі жеңіл - жүктейтін міндеттерім” (Матай жазған Ізгі хабар 11:28-30).

Бұл - Құдай сөзі. Біз тек Құдайда ғана жан тыныштығын таба аламыз. Біздің Құдайға деген мұқтаждығымыздың себебін түсіну үшін біз өзіміздің рухани жағынан Құдайға ұқсас етіліп жаратылғанымызды білуіміз керек: “Осылайша Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратты...” (Жаратылыстың басталуы 1:26). Біздің әрқайсымыздың жанымыз бар. Біздің жанымыз өзінің Жаратушысымен байланысты іздейді. Тек тірі Құдай ғана адам жанын қанағаттандыра алады. Көрдіңіздер ме, тек Құдай ғана! Әрине, Сіз бұнымен келіспей, Құдай жоқ деуіңіз мүмкін. Бірақ, сонымен қатар белгісіз бір құдіретті Күшке немесе құбылмалы табиғаттың Күшіне сенуіңіз мүмкін. Бірақ ойланып қараңыздаршы - Құдайға тиесілі құрметті Өзіңіздің ойыңыздан шығарған бір нәрсеге бағыттап жүрген жоқсыз ба? Жетпіс жыл бойы үгіттелген Құдайсыз өмір өзінің дегеніне жетті: көптеген адамдар “Құдай” деген сөзді күмәнмен, сенімсіздікпен қабылдайды. Бірақ Құдай - ақиқат. Оны ұстап, көзбен көру мүмкін болмаса да, Оның бар болғанын, бар екенін және болашақта да болатынын жоққа шығару мүмкін емес. Құдай бар! Бұған ешқашан күмән келтірмеңіз. Кұдайды іздеп таба алу үшін ең алдымен Оның бар екеніне нық сену қажет.

Сонда Құдайдың қайда болғаны? Ол бір мезетте анда да, мұнда да бола алады ма? Иә, Ол барлық жерде! Құдайды іздеп, қараңғы жерді тінтудің қажеті жоқ. Ол Сізден жасырынып тұрған жоқ. Ол Сіздің де Өзінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығын қабылдауыңызды қалайды. Бұл Құдайдың Сізді шақыруы, себебі Ол Сіздің рухани өлгеніңізді қаламайды. Бұл Оның бірінші рет шақыруы болуы мүмкін, мүмкін ең соңғысы да шығар!!! Құдай адамдардың мән-мағыналы өмір сүргендерін қалайды. Осыдан мынадай сұрақ туады: “Неліктен көптеген адамдар мағыналы, бақытты өмір сүрмейді?” Мұның себебі, адам күнәкар болғандықтан Құдайдан алшақтап кетті.

Сондықтан ол Құдайды, Оның сүйіспеншілігін, Оның жоспарын түсіне алмайды. Киелі жазба былай дейді: “Бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды” (Римдіктерге арналған хат 3:23). Құдай - киелі және Оған әрбір күнә жиіркенішті. Сондықтан, Құдайдың алдына келерден бұрын, біз, Өзі Киелі жазбада үйреткендей, күнәларымыздан арылуымыз керек. Адамгершілікке, өнегеге толы өмір біздің күнәларымыздың құнын өтей алмайды. Онда не істеуіміз керек? Оны қалай таба аламыз? Құдай Өзінің орасан зор сүйіспеншілігі арқылы осы сұрақтардың жауабын бізге беріп, тура жолды көрсетті: “Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан жазған Ізгі хабар 3:16). Киелі жазба Құдайға апаратын жол тек Иса Мәсіх дейді! Біз Құдайдың алдында күнәларымызды мойындап, кешірім сұрауымыз керек. Ол: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды” (Жохан жазған Ізгі хабар 14:6).

Біздің барлық сұрақтарымыз бен ізденістерімізге беретін Құдайдың жауабы осы. Егер Иса Мәсіхке өз еркімізбен менің Тәңірім және Құтқарушым деп сенім артсақ, біз Құдайды, біздің өмірімізге деген Оның жоспарын және Оның сүйіспеншілігін біле аламыз. Исаны жүрегімізге қабылдау дегеніміз - Оның алдында күнәларымызды мойындап, Оның кешірімін қабылдап, Оның өмірімізді басқаруы мен бізді Өз еркіне сай адам етуіне жол беру. Өміріңізде Құдайды бүкілжан-тәніңізбен іздесеңіз, Оны таба аласыз. Сіздің Оны тауып, Онымен бірге өмір сүргіңіз келеді ме? Осы сұраққа тек өзіңіз ғана жауап бере аласыз, басқа ешкім Сіз үшін жауап бермейді. Егер Сіз бір сәтке тоқтап, бұрылып, Құдайға бір қадам жасасаңыз, Сіз Оны табасыз. Сіз осы қадамды жасаған сәтте, өмірдің бастауы - Құдай Сізге жаңа өмір береді.

Ол Сізді күтуде. Дәл қазір осы бірінші қадамды жасап, басыңызды иіп, Құдайға былай деп сиыныңыз: “Иса Тәңірім, мен Саған мұқтажбын. Менің күнәларым үшін айқыш ағашта құрбан болғаныңа рахмет айтамын. Жүрегімнің есігін ашып, Сені Тәңірім және Құтқарушым деп қабылдаймын. Менің күнәларымды кешіріп, мәңгілік өмір сыйлағаның үшін алғыс айтамын. Менің өмірімді Өз қолыңа алшы. Мені Өз қалауыңа сай, Өзіңе ұнамды адам етші. Рахмет Саған Құдіретті Құдай. Аумин”. Осы дұға Сіздің жүрегіңіздің қалауына сәйкес пе? Сәйкес болса, онда дәл қазір осы дұғамен Құдайға сиыныңыз, сонда Өзінің шексіз мейірімділігімен Иса Мәсіх Сіздің өміріңізден орын алады. “Міне, Мен есік алдына келіп, қағып тұрмын. Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге “дастарқандас” боламын; ол да рухани нәр алып, Менімен тығыз байланыста болады” (Аян 3:20).