Құрметті оқырман!

Киелі кітап – Құдайдың сөзі, бүкіл адамзаттың баға жетпес мұрасы. Кең-байтақ әлемде Жаратқан Иеге сиынушылар Киелі кітаптың ежелгі заманнан бізге жеткен жазбаларын қасиет тұтып, қастерлеп келеді. Оның тарихта не тікелей, не өзге кітаптар арқылы әдебиет пен ғылымға, заңдарымыз бен салт-дәстүрлерімізге жасаған ізгі ықпалы орасан зор. Құдай сөзінің қасиетті жазбаларын өз ана тілімізде оқып, игілікті мазмұнымен жақыннан танысуға мүмкіндік бергені үшін Жаратқан Иемізге шын жүректен шүкірлік етеміз.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері болашаққа деген үмітіміз мол. Алдымызда «алтын дәуірдің» болуын тілейміз. Жеке адамдар мен елдер арасындағы ынтымақ пен әділдіктің берік қалыптасу жолдары Құдай сөзінде нақты көрсетілген. Арамызда тату-тәтті қарым-қатынас орнығып, бейбіт, тыныш өмір орнау үшін Оның ізгі жолымен жүру ең басты қажеттілік.

Даналығы әлемге әйгілі Сүлеймен патша «Нақыл сөздерінде» былай деген: «Білімнің бастауы – Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған мойынсұну». Хақ Тағаланы шын жүректен қастерлеп, Оның еркіне бағынатындар үлкендерді сыйлап, кішілерді қамқорлап, мұқтаждарға мейірімділік көрсетеді, сондай-ақ әділ заңдар мен ізгі салт-дәстүрлерді сақтап, елдің ілгері дамуына атсалысады. Осы тура жолмен жүрген адамдар шынайы бақытты табады. Қолыңыздағы жаңа басылым «Таурат», «Забур», «Пайғамбарлар жазбалары» және «Інжіл шарифті» толық қамтиды.

Сонымен бұл қасиетті шығарманы оқырман қауымға табыстай отырып, Алла Тағаладан еліміз бен үкіметімізді игілікпен молынан жарылқап, халқымызға тыныштық пен амандық сыйлай көрсін деп тілейміз.