Мен қарапайым малшының отбасында өмірге келдім.


kudai.kzМен қарапайым малшының отбасында өмірге келдім. Көп баланың ортаншысы және егіздің сыңарымын. Өз бетімше өмір сүрсем деген ниетпен он алты жасымда ауылдан қалаға қашып кеттім. Осылайша ата-анамның қамқорлығынан біржола қол үздім. Оқуымды қала жағалап жүріп, кәсіптік-техникалық училищеде жалғастырып, содан кейін әскер қатарына алындым. Еркіндікке әбден дәніккендігім соншалықты, ұшқан ұямда он күннен артық тұрақтаған емеспін. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен соң, мамандығым бойынша монтажник электр дәнекерлеуші болып құрылыс саласында еңбек еттім. Табысым бір басыма жетіп артылатын. Соған қарамастан, түнгі жорықтарға шығып, адам тонап, әлсіздерге күш көрсетіп, құмар ойындар ойнап, қызық қуып жүрген кездерімде талай рет милицияға түстім. Бірақ Құдай сақтап, ешқашан істі болған емеспін. Заманның ағысына қарай, өз есебімді түгендеп жүретінмін. Жұмыс істеп жүрген жеріснен пәтердің кезегіне тізімделіп қойдым. Сырттай құрылыс техникумына оқуға тапсырдым. Осылайша «өмірден рет-ретімен өз керегімді аламын» деп есептейтінмін. Уақыт өтіп жатты. Сол кезде Маңғыстау облысына тұрмысқа шыққан әпкем мені өзі тұратын жеріне шақырды. Ол жақтағылардың табыстарының көп екенін естігенде, мен «бару керек» деген шешімге келдім. Сонымен мен Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан бір-ақ шықтым. Ол жерге тез сіңіп кеттім. Жаңа достар тауып, жақсы жұмысқа орналастым. Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің қыздар тұратын жатақхананы жағалауы заңды құбылыс еді. Бір күні достарыммен бірге жатақханаға барар жолдан бір топ жігіттің үш қызға дөрекі сінездерін танытып, күш көрсетіп жатқанын байқап қалдық. Қасымдағы досымыз екеуіміз олардың арасына килігіп, ақыры қыздарды құтқарып, баратын жерлеріне шығарып салдық. Осы кезде мен болашақ жарым Әлиямен таныстым. Біз бір-бірімізді ұнатып қалдық. Бірақ мен Әлияға оны ұнататынымды және оған үйленгім келетінін айтқанда, ол маған «жоқ» деп жауап берді. Оның себебін Әлия өзінің қатерлі ісік ауруына шалдыққанын, бір жыл ғана өмір сүретінін және тұрмысқа шыққан күннің өзінде де бала көтере алмайтынын түсіндірді. Бұл Әлияның дәрігерлерге ұзақ уақыт емделгеннен кейінгі алған нақты диагнозы екен. Алайда бұл жайсыз хабар менің Әлдияға деген махаббатымды одан сайын үдетіп жіберді. Мен ойланбастан: «Бір жыл емес, бір күн өмірің қалса да, менің жарым болшы, тіпті ортамызда бала болмаса да мен сені сүйемін», - дедім. Осыдан кейін Әлия келісім беріп: «Құдайдың маған берген қысқа ғұмырында сені кездестіруі тегін емес шығар. Өйткені мен түс көрдім. Онда мен ақша бұлттармен аспанға көтеріліп, Иса Мәсіхпен кездестім. Ол маған нәресте берем деп уәде етті», - деді. Әрине, біз ол кезде Құдайдың бізге не айтқысы келгенін түсінген жоқпыз. Көп ұзамай біз шаңырақ көтердік. Алайда, Ізгі хабарды жақынымыздан кейінірек естіп, тәубе етіп, Иса қауымына қосылып, Оның жолында жүргенімізге, міне, алты жылдан асты. Құдайға тәуба, биыл сол көтерілген шаңырақтың шайқалмай тұрғанына он бес жыл болды. Құдіретті күшті Құдай Иеміз бізге төрт ұл, бір қыз сыйлады. Біздің өміріміздегі осы керемет игіліктердің барлығы бір кездегі Әлияның түсіне кіріп, үміт берген Інжілдегі Иса Мәсіх екендігіне біз нық сенеміз. Бұл шындықты Құдай Өзі уақыты келгенде бізге толығымен ашып берді. Бұл өз алдына ұзақ әңгіме. Мен бүгін сонау өткен балалық шақтан бастап, күнәның не екенін ұқққанға дейінгі өмірім үшін ұяламын. Алайда, Құдай Тағаланың күнәкар адамзатқа деген рақымдылығының арқасында мен теріс жолдан қайттым. Осы ақиқат куәлігімді оқыған әрбір оқырманға шын жүректен Құдайдың ақ батасын тілеймін.

Ысқақов Қанат