Ұлым! Жақсы адам болып өс!


kudai.kzАлты жасқа толған кезімде менің әкем қатты науқастанып, көп ұзамай қайтыс болды. Сол күн әлі есімде, үйге көп адамдар келіп, ары-бері кіріп шығып жүрген. Сол адамдардың бәрі менің әкеммен қоштасуға келгендігін мен кейіннен білдім. Әлі бала болғандықтан еш нәрсені аңғармай далада ойнап жүрген едім, кенеттен мені анам шақырып алып, үйге жүре ғой, сені әкең шақырып жатыр деді. Анаммен бірге еріп әкем жатқан бөлмеге кірдім. Әкем төсекте жатыр екен. Бас жағында әжем жылап отыр. Әкем қолын созып мені қасына отырғызды. Сол кезде менің әкем бар болғаны 25 жаста еді. Осы өмірден тым ерте кеткен әкем сол кезде мені қасына қоштасу үшін шақырғанын білсем ғой! Бірақ әлі бала болсам да, әкемнің айтқан соңғы сөздері жүрегімде мәңгі жазылып қалғандай... «Ұлым! Жақсы адам болып өс!». Осы сөздердің мағынасын бірден түсінбесем де, өсе келе, осы сөздер өмірге қанат қақтырғандай болды. Мен, расында, жақсы адам болуға тырыстым. Мектептің үздік оқушысы болып, үлгілілердің қатарында жүрдім. Анамды да көп ренжіте қоймайтынмын. Анам жұмыстан келгенше, үйдің тірлігін бітіріп, кіші інім мен қарындасыма қарайласып жүретінмін. Әкесіз болғандықтан ба, ересек өмірге ерте араласқан сияқтымын. Әрине, баланың аты бала емес пе, кей кезде басқа балалардың әкелерімен қол ұстасып кетіп бара жатқанын көріп, қызыға қарайтынмын. Бірде дос баламның әкесі оған велосипед сыйлап жатқанын көріп, қатты жылағанмын. "Әке! Сен неге мені ерте тастап кеттің? Егер тірі болғаныңда, сен де маған велосипед әперер едің ғой" - деп өкпелеген кездерім де болған. Уақыт өтіп жатты. Сол өтіп жатқан уақыт осы өмірде зұлымдықтың, қатыгездіктің, алдамшылықтың, әділетсіздіктің және тағы да басқа жамандықтардың бар екенін көрсетті. Менің бала жүрегім қатайып, жасым 18-ге толған, жігіт болған кезім еді. Мен өз жолымды іздеп, ауылдан қалаға оқуға келгенмін. Сол кездегі істеген жаман қылықтарыма әлі күнге дейін ұяламын. Сол жаман қылықтарды өзім істегім келмесе де, басқаларға еліктегендіктен істейтінмін. Біреулерді ұрып-соғу, жаман сөздер айту басқалардың алдында өзіңді мықты етіп көрсетудің амалдары ғана еді. Жүрегім қаламаса да, сол жамандықтарды басқа мықтыларға ұнау үшін, солардың сеніміне кіру үшін істейтінмін. Не деген екі жүзділік десеңізші! Сол кездегі жүріс-тұрысым сол баяғы әкемнің соңғы айтқан тілегіне мүлдем сәйкес келмейтін еді. Оқуды бітіргеннен кейін, ауылға қайтуға асықпадым. Қалада жұмыс іздеп, тұратын үй іздеп, өзім сияқты бірнеше жігіттермен бірге жүрдім. Қала бізге құшағын жая қоймады, қиындықтар көбейген кезде, қасымдағы достарым шыдай алмай ауылдарына қайтып кеткен. Ал мен ауылға қайтпай, іздеуімді әрі қарай жалғастыра бердім. Сол кезде нақты нені іздедім, анық айта алмаймын, мүмкін жоғалған жүрегімді іздеген шығармын... Бірде қала шетінде жұмыс істеп жүрген едім. Ойым біраз ақша жинап, ауылға, анама барып қайту еді. Сол жерге бір ерлі-зайыптылар келіп жұмыс істей бастады. Біз танысып, жақсы араласып кеттік. Бірде олар менің гитарамен ән айтып отырғанымды естіп, " - Дауысың жақсы екен, қауымға келіп, Құдайды мадақтасаң жақсы болар еді," - деп айтты. Мен ешқашан Құдай туралы терең ойланып көрген емеспін. Менің бар сыйынатыным, қайтыс болған әкемнің рухына ғана сыйыну еді. Талай рет әкем жатқан молаға барып, жан сырымды ақтаратынмын. Менің құдайым менің әкемнің рухы еді. Бірақ сол кезден бастап Құдай жайлы ойлана бастадым. Құдай Біреу, Ол барлық жерде бола алады, бәрін көріп, біліп тұрады. Бірақ, неге Ол сондай құдіретті болса, дүниеде әділетсіздіктер көп? Өз өмірімде көрген әділетсіздіктер туралы ойлай бастадым. Неге Құдай бәрін реттемейді, неге жазықсыз қиналып жүргендерге көмектеспейді? Содан бастап мәсіхшілермен жақын араласа бастадым. Олардың қарым-қатынастары, бір-біріне деген сүйіспеншіліктері, жақындықтары мені қатты таңқалдырды. Мен үшін олар басқа дүниенің адамдары сияқты болып көрінді. Олармен жиі араласқым келді және көбірек араласқан сайын түсінгенім - күнәларым үшін өкініп, Құдай жолына бет бұруым керек. Бірақ бұл мүмкін еместей көрінді. Себебі күнәларымның көп екенін білетінмін, әрі, әлі жаспын ғой, әлі талай қызықтар көру керек... Жарайды! Бұл адамдармен араласа берейін, жақсы адамдар ғой! Ал өзім болсам, өз жолыммен жүре берейін, маған әлі ерте емес пе деген шешім қабылдадым. Бірақ осы жүрісім ұзаққа бармады. Өйткені осы кезде бүкіл өмірімді өзгерткен бір жағдай болды. Мен бір жағдайға тап болып, өлім аузынан аман қалдым. Өз жолыммен жүруді тоқтатпасам, мені ешқандай жақсылық күтіп тұрмайтынын жақсы түсіндім. Мен Құдайды іздей бастадым. Киелі кітапты алып, оқып шықтым. Түсінбеген жерлерімді басқа сенушілерден сұрап, барлық сұрақтарыма жауап алдым. Маған ашылған шындықтар - мен күнәһармын, бірақ Құдай мені сүйеді. Ол мен үшін 2000 жыл бұрын Өзінің жалғыз рухани Ұлы Иса Мәсіхті жер бетіне жіберді. Әрбір адам Құдайды жақын танығысы келсе, оны тек Иса Мәсіх арқылы ғана іске асыра алады. Иса бізді Құдаймен татуластрышы. Ол біздің күнәларымыз үшін құн төледі. Құдай бүкіл адамзатты күнәдан құтқару үшін, Өзінің керемет жоспарын Иса Мәсіх арқылы іске асырды... Осы шындықтардың бәрін Киелі кітаптан оқып шығып, терең түсіне бастадым. Осы шындықтардың бәрі, менің өміріме тікелей қатысы бар екеніне шүбәсіз сендім. Құдайдан барлық күнәларым үшін кешірім сұрадым, Құдай мені Иса Мәсіх арқылы кешіргеніне алғыс айттым. Исаны Құтқарушым деп қабылдап, Оған бүкіл өмірімді арнадым. Өйткені Иса мен үшін Өз өмірін берді. Құдайдың сүйіспеншілігі менің өмірімді және өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Иса арқылы Құдайдың керемет әкелік жүрегін таныдым. Мен өз әкемнің гитарада ойнап ән айтатынын білетінмін. Сол себептен де әкеме ұқсағым келіп, гитарада ойнауды үйрендім. Өз әкесіне ұқсау әрбір ер баланың арманы шығар. Бірақ менің бүгінгі арманым - Исаға ұқсау! Иса сияқты Құдайды сүюді, басқаларды сүюді үйренгім келеді. Менің әкем жәй қарапайым адам болды, оны ешқашан ұмытпаймын, айтқан соңғы сөзін орындаймын. Иса маған жаңа жүрек берді. Енді менің де Әкем бар. Ол ешқашан өлмейтін, мені ешқашан жалғыз қалдырмайтын Көктегі Әкем!