Сенім
Сенім
Тәубе еткен кезде күнәларды мойындау мен Құдайға сенім арту арқылы адам теріс жолдан қайтып, күнәларынан бас тартады. Иса Мәсіхке сенбейтін ешбір адам құтқарылмайды (Ефестіктерге арналған хат 2:8). Сенім арқылы біз Құдайдың құтқарылу сыйына ие боламыз. Бұл сый Мәсіхтің айқыш ағаштағы құрбандығын жете түсіну мен Ол қайта тірілгендіктен, Оның бізге беретін мәңгілік өмірі болып табылады. Сенім құтқарылудың шешуші бөлігі. Киелі кітаптан мынадай үзінділерді қарастырайық: “Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес...” (Еврейлерге арналған хат 11:6) “Исаны Мәсіх деп сенетін әркім - Құдайдың рухани баласы...” (Жоханның 1-хаты 5:1) “Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті” (Жохан жазған Ізгі хабар 1:12) “...Оған сенуші әркімнің жаны тозаққа түспей... Оған сенушілер қияметте сотталмайды...” (Жохан жазған Ізгі хабар 3:16-18) “...Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайға деген сеніміміз арқылы ақталамыз” (Римдіктерге арналған хат 4:24) “Олар: “Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар” деді...” (Елшілердің істері 16:31) Құтқаратын сенімнің екі аспекті бар. Біріншісі, ақыл-оймен қабылдау. Кейбір адамдар ойлайтындай, сенім дегеніміз белгісіз бір нәрсеге ессіз нанып, сену емес. Сенім бір жұмбақ болып табылатындықтан, оны толық түсіне алмасақ та, құтқарылуды бастан кешіру үшін бірқатар тарихи деректерге сену керек. Елшілердің істері кітабындағы уағыздарға шолу жасайтын болсақ, онда мынадай деректерді айқындап алуға болады: 1. Құдай Өз уәделерін орындауды бастады (Елшілердің істері 2:16; 3:18,24; 10:43; 13:32-33). 2. Құдай билігінің жаңа дәуірі туды (Елшілердің істері 2:17; 10:38; 13:38,39). 3. Бұл Исаның осы әлемге келуінің нәтижесі. Исаның өміріне, өлімі мен қайта тірілуіне аса назар бөлініп, олар Құдайдың құтқару жұмысының негізі болып табылады (Елшілердің істері 2:22-24; 3:15; 4:10; 10:38,40; 13:30). 4. Қайта тірілген Мәсіх қауым Тәңірі (Елшілердің істері 2:33,36; 4:11; 10:36). 5. Қайта тірілген Мәсіх Құдайдың құтқару жұмысын аяқтау үшін қайтып келеді (Елшілердің істері 3:20; 10:42). Осындай шолуды Қорынттықтарға арналған 1- хаттың 15:1-8 аяттарында көре аламыз. Елші Пауыл Қорынттықтарға уағыздайтын Ізгі хабарым сендерді құтқарған Ізгі хабар деп айтады (1,2-aят). Осы Ізгі хабарда мынадай деректер бар: § Киелі кітап бойынша Мәсіх күнәларымыз үшін жанын қиды (3-аят). § Мәсіх қабірге қойылды (4-аят). § Киелі жазба бойынша Мәсіх үшінші күні қайта тірілді (4-аят). § Қайта тірілгеннен кейін Мәсіх Петірге, он екі елшісіне, 500-ден астам адамға, Жақыпқа, ал сосын, уақыт өте, Пауылдың өзіне де көрінді (5-8 аяттар). Сондықтан, құтқаратын сенім белгісіз немесе құпияға толы Құдайға нанып, сену емес. Киелі кітаптық сенім бүкіл әлемнің Тәңірі, қайта тірілген Иса Мәсіх арқылы жүзеге асқан Құдайдың құтқару жұмысына негізделеді. Құтқаратын сенімнің екінші аспекті - қарым-қатынас. Құдай зат емес, Ол - жеке Тұлға, сондықтан құтқарылу Онымен байланыста болуға негізделген және бұл қарым-қатынас Иса Мәсіхтің Өзін құрбандыққа шалып, бізді құтқарғанына сену арқылы беріледі. Сонымен Исаға сену дегеніміз - Онымен жеке, тығыз қарым-қатынас орнату. Бұл Иса туралы Ізгі хабарды жай ақыл-оймен ғана қабылдау емес. Жақыптың хаты 2:19 аятта мына нәрсені оқимыз: “Сен “жалғыз Құдай бар” деп сенесің. Мұның дұрыс, алайда жындар да соған сеніп, Оның қаҺарынан қорқып дірілдейді”. Бірақ жындардың Құдайдың бар екеніне сенулері олардың құтқаратын сенімге ие екендіктерін білдірмейді. Сенімнің бұл аспектін Киелі кітаптағы “білу немесе тану” ұғымынан көруге болады. Өзінің Әкеге деген дұғасында Иса мәңгілік өмірдің қайда табылатыны жайында өте айқын былай дейді: “Мәңгілік өмір, бұл - жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану” (Жохан жазған Ізгі хабар 17:3). “Тану” ұғымының мағынасы адамдық та, Құдайлық та деңгейде жеке бастық, тығыз, жақын қарым-қатынаста болу. Иса құтқарылмағандарды зұлым және Құдайды танымады деп сипаттайды (Матай жазған Ізгі хабар 7:21-23). Басқа астарлы әңгімелерінде Иса құтқарылғандарды “Мені білетіндер” деп атайды (Жохан жазған Ізгі хабар 10:14). Исаның артынан еретіндер Құдайдың Рухына ие және “Оны біледі” (Жохан жазған Ізгі хабар 14:17). Құтқарылғандарды қуғындайтындар Исаны әлемге “Жібергенді” білмегендіктен қуғындайды (Жохан жазған Ізгі хабар 15:21). Елші Пауыл өмірінің ең негізгі мақсаты “Мәсіхтің Өзін де, Оны қайта тірілткен құдіретті де жақыннан танып білу” болды (Філіпіліктерге арналған хат 3:10). Киелі кітаптан алынған осы үзінділердің барлығы құтқарылудың Иса Мәсіх арқылы көрінген тірі Құдаймен жеке, тығыз қарым-қатынасқа негізделеді дегенді растайды. Исадан басқа бізді ешкім де құтқара алмайды (Елшілердің істері 4:12) және Иса арқылы болмаса, ешкім де Құдайға бара алмайды (Жохан жазған Ізгі хабар 14:6). Осылайша құтқарылуға апаратын қарым-қатынас дегеніміз адамның сеніммен өзін толық Исаға арнауы. Осындай сенім арқылы біз Иса Мәсіхтің құтқаруын қабылдап, Құдаймен қарым-қатынасқа тәубе ету арқылы келетінімізді мойындаймыз.