Адасқан ұлдың әңгімесі


DeviceЕң алдымен Сенің құдіретіңе басымды иіп, алдыңа келіп тағзым етем, қадірлі менің қамқоршы Әкешім! Адасып, өзіңнен алшақ жүрген маған, менің өмірімнің құндылығының өте жоғары, көлемінің баға жетпес аса қымбат екенін Сен маған ашып бердің. Өмірімнің өткенін сараптай келіп, қазіргі түрленген болмысымда Өзіңнің сүйеуіңмен өмір өрінде келе жатып, Өзіңе дән риза боламын! Өзіңмен өсем, Өзіңмен өрлеймін жан Әкем! Сол өрде тұрып, айналама дандайси қарамауға көмектес. Жүрегімдегі өлеусіреп, өшуге таяған үміт ұшқынын лаулата алау етіп жақтың. Сенің ыстық әкелік махаббатыңның қызуынан тас болған жүрегім балқып, мейірімді ет жүрекке айналды. «Құнсыз» - деп, қолымды бірақ сілтеп, азалана бетімді теріс бұрған өмірімнің ерекше мәнді екенін Сен маған айқындап, ашып бердің. Міне, содан бері, Сенің ыстық құшағыңа енгелі, өзімнің шексіз бақытты екеніме шүбәм жоқ және осы бақытымның баянды екеніне күмәнсіз шаттана сенемін, Әкежан! Енді Өзіңнен аулақта жүріп, осы әбігерлі өмірде бақытымды сарыла іздеп, басымнан кешкен мол өкініштерімді Саған баяндайын, Әке! ...Бақыт! Ес білгеннен бастап жарты ғасырға жуық Сен менің аңсай іздеген арманым едің, өзгелер секілді мен де бақытты болуды ынтыға қаладым, қиялдай армандадым. Бірақ Сені білмей тұра, ешқандай баянды бақытқа қол жеткізу мүмкін емес екенін ол кезде білмедім. Нағыз бақыт, Сен қандайсың, Саған қандай жол апарады – бұның бәрі маған беймәлім еді. Сонда да Саған өзеурей, қол жеткізгім келді. Қандай жолмен болса да, Сенің арай сәулесі шарпыған шыңыңның нақ төбесіне өрмелеп шығып, берік мекенімді орнатпақ болдым. Барлық талпыныстарымның сәтсіздікке ұшырап, нәтижесіз аяқталғанына Өзің куәсің. Талабым тасқа тіреліп, қаншама мұқалса да, мен Сені басқадай әдіспен, басқа бір тың бағытта іздеп, қалай да болғанда таппаққа берік бекіндім. Өз пендешілік қиялыма өзім демеу беріп, бейтаныс бір тылсым бағытқа ышқына ұмтылдым. Алдымда тұрған кедергі-бөгет зор еді, екпіндей барып, қатты соғылып, кейін шегіндім. Талабым тарыдай шашылып, үлкен бір өкінішке келіп бірақ тірелді. Көптеген бойымдағы асылдарымды жоғалттым. Тапқан олжам жұтаң еді, жоғалтқандарымның мыңнан біріне татымас құнсыз, арзан олжалар еді. Міне, осылай менің алғашқы албырт арманым жағаға екпіндей барып соғылып, кейін серпілген теңіз толқынындай, еш нәтижесіз, тулап басылды. Сонан бері жүзі мұқалған семсердей батылдығымнан ажырап, айналама сенімсіз, секеммен қарайтын болдым. Енді бұдан арғы өмір сапарында қанатымды құлшына жайып, қолға түсіре алмаған бақытымды талмай іздеуге бойымда ешбір күштің қалмағанын сезіндім, Әке! Сол бір өмір дағдарысында, жан азабын шегіп жүргенде Сенің, Әкем, жұбаныш сөздеріңді маған жіберген елшілеріңнен естідім, бірақ өзеуреген өзімшіл, тәкаппар болмысым көлденең маған бөгет болып, асыл Сөзіңе мән бергізбеді. Ары қарай аттап өтіп, қол сілтеп кете бардым. Бақыт деген алыста, қиянда емес, менің айналамда кезіп жүрген болар деп түйдім де,желікпесі мол, желді өмірдің дарақы, ойсыз жиын-тойларына, өткінші мынау жалған өмірдің қызығына терең бойлай араласып кеттім. Осындай азғын алданыштың жетегінде масаң күйден ар-ұятым жиі мені айықтырып, әшкерелеп, жан арпалысын басымнан кешетінмін. Бірақ сол шақтарда екінші бір мені жұбатқансыған әзәзәіл ой-көкейіме былай дейтін: - «Неге сонша қиналасың? Көпке ілес те, жүре бер, сен жалғыз емессің, бала-шаға, тумаларың бар. Көптің арасында ойнап-күл, өміріңді қызықпен өткіз, осы өмірден бәрін де алып қал, сайранда, өлеріңде дүниеден өкінбей өтетін бол», - деп сайқалдана сыбырлайтын. Осы әзәзіл ойларға шынымен иланып, жұбаныш тапқандай болып, азғын өмірдің жан тоңазытар өткелсіз арынды ағысында бейтарап қалықтаған жаңқа іспетті ғұмырымды өткізе беретінмін. Қиуы келмес, қисынсыз өмір көріністерін көзіммен көре, құлағыммен ести жүріп, қасіретке қамала тұншығып, жан дүнием бір ауыр салмақтан езіліп, өз-өзіме қол жұмсап, бұл өмірден кетпек те болатынмын. Айналамдағы жақын тумаларым, ауылдастар, көріп жүретін көз таныс адамдардың өлім шеңгеліне ілігіп, қайтпас сапарға аттанып жатқандарына самарқау, жайбарақат қана қарайтын болдым. – «Ерекшеленіп қайтесің, өмірдің заңдылығы осылай болар, көппен көрген ұлы той, бұйырған нәсібіңді же де, жүре бер, арғысын-ары көре жатарсың», - деп өз-өзіме басу айтқаныммен, жан-дүниемде атойлаған басқаша бір тың сезім ерекше соны бағытқа еңсерімді аудара берді: - «Жалған дүниенің тұйық шеңберінен шығар саңлау бар, еңсеңді көтерде, шексіз ұлан-ғайыр, ұлы кеңістіктің Қожасына қолыңды ізденіспен созып талпын», - деп үздіксіз асықтыра берді. Бір күндері дегенде жүрегімнің талмай, тың бағытқа шақырған осы қалауымен үнсіз келістім де, естіген ұлағат сөздеріңді есіме түсіре бастадым, Әкежан! Сол сәтте ұзақ ұйқыдан жаңа ғана оянғандай, айналамды көмескі бағдарлап, дел-сал күйде біраз уақытымды тағы да бос өткеріп алдым.Себебі Сені, Әкешім, дін жолымен іздемек болдым. Ізденісім шатасумен аяқталды, ата дінімнен ешбір жұбаныш таба алмай күйзеле отырып, ауыр ойға кеттім: - «Апыр-ау, осыншама маған не болған, мен қайдамын? Өмірімнің көктемі өтті, жазын да артқа тастадым, міне, күзі де келіп жетті. Мардымды бір іс тындырып, тиянақты тұғырға табан тірей алмадым. Бәрі де бос! Мынау жалған дүниеде жиған шағын дәулетіме азғана күн қожамын. Сарыла, сарғая іздеген бақытым да бұлаң құйрық түлкідей бұлт етіп адастырып кетті». Осыншама сарп болған қайран өмірім үшін ашына, азалана жыладым, Әке! Үлкен бір өкініш жан-дүниемді удай ашытып, үрей араласқан бір сүреңсіз сезім бойымды жайлап алды. Айналама алақтай қарап, мынау сұрғылт дүниенің көңіл құлазытар күңгірт, ызғарлы күзіндей қатігез де жалған, сұрқия тұрпатына шошына қарай тұрып, жаныма демеу іздей бастадым. Сол сәтте Сенің жанға жағымды Өсиет Сөздерің, Әке, жадыма келе бастады. Қолыма «Жаңа өсиет» кітабыңды, «Інжіл Шарифті» алдым. Бұл, Әкежан, Сенің мені мәңгі өмірге шақырып, мендей адасқан ұлыңды осы екпіндей тозаққа жол тартып бара жатқан азғын дүниеден қайтарып, Өзіңнің ыстық құшағыңа қабылдамақ болған ізгі Үндеуің еді. Құлшына оқи бастадым. Шөл даланы кезіп келе жатып, кенезесі кеуіп, шөлдеп, әлі таусылып, өлім халіне жете жығылған жиһанкездің алдынан кенет кездескен мөлдір, шөл қандырыр кәусар бұлақтың шипалы суындай сөздерің жаныма әсер етіп, сіміре бердім, сіміре бердім. Қасиетті өмір сусыны ішкі барша жан-дүниемді рахатқа бөлеп, Өзіне үйіріп әкетті. Киелі сөздерің жүрегіме орныға еніп, Өзінің шипалы күшімен жан ауруымнан айықтыра бастағанын сезіндім, Әке! Киелі жазбаңнан мынадай тамаша шақыруларыңды оқыдым: - «Шаршап-шалдыққандар, еңселерін ауыр жүк басқандар. Маған келіңдер, жандарыңа жұбаныш табасыңдар». Керемет! Не деген жан жылытар Сөздер еді! Бүкіл тұла-бойым ерекше бір жайлы ояныстың құшағына еніп, сергектік серпінін айқын сезіндім. Осылай осы бір сәттен бастап ойсыраған, жұтаң өміріме ауадай қажет жайсаң молшылық келе бастағанын сезініп, еңсем көтеріліп, өзгеше бір тілмен айтып жеткізе алмас рахат сезімге бөлене бастадым. Қыстың қақаған ызғарынан кейін келген көктем күнінің бусандырған өзгеше жылуының мол шапағына шомылғандай әсер алып, жан-дүнием жайлы бір ояныс ала бастады. Осы тың ояныспен айналамды зерттей қараған сәтте, шошқалардың лас астауының жанында, сол доңыздардың қалдық асына тояттап отырғандай әсерде, өзімді өте жайсыз сезіне отырып есімді жия, оқыс көтеріліп, санамнан тыс құдіретті де ізгі әсерлі күштің ықпалында тұрып: «Шаршап-шалдыққан, еңсесін ауыр жүк басқан мен емеспін бе? Ендеше өзімді жаратқан және де кел деп шақырған Жан Иеме барам, Әкешіме барам. Мені жарата білген Сол ғана мені шынайы бақытты ете алады», – деген сенім үміті санамда сайрап тұрды. Бұл – нық та айқын шешім еді. Айналама соңғы рет жиренішпен бір көз тастадым да, оң сапарға Өзің нұсқаған бағытпен сүйікті үйім – Иса Мәсіхтің бауырластар Қауымына қарай нық қадам басып, жүріп кеттім.