мәңгілік өмірге апаратын жол
Киелі кітапта мәңгілік өмірге апаратын жол туралы анық айтылады. Алдымен біз Құдайға қарсы күнә жасағанымызды жете түсінуіміз қажет: өйткені «бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды» (Рим. хат 3:23). Бәріміз Құдайға ұнамсыз істер істегендіктен жаза тартуға тиіспіз. Біздің күнәларымыздың барлығы мәңгілік Құдайға қарсы шығу болып табылады, сондықтан тартатын жазамыз да мәңгілік жаза болуы тиіс. «Күнәның беретіні – (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы – Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір» (Рим. хат 6:23).
Еш күнәсы жоқ Иса Мәсіх (Петір. 1-хаты 2:22), мәңгілік Құдай Ұлы, адамға айналып (Жохан 1:1,14), біздің жазамызды өтеу үшін Өзінің жанын қиды. «Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәләлдеді» (Рим. хат 5:8). Иса Мәсіх айқыш ағашта өлді (Жохан 19:31-42), біз тартуға тиісті жазаны Өзіне артты (Қорынт. 2-хат 5:21). Ол үшінші күні өлімнен қайта тіріліп (Қорынт. 1-хат 15:1-4), күнә мен өлімді жеңгенін дәлелдеді. «Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі – Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып, жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді сөнбес үмітке кенелтті» (Петір. 1-хат 1:3).
Біз Құдайға деген сенім арқылы күнәларымыздан бас тартып, құтқарылу үшін Мәсіхке келуіміз керек (Елшілер. істері 3:19). Егерде біз Оған сенім артып, Оның Өз өлімі арқылы айқышта біздің күнәларымыздың құнын төлегеніне сенсек, онда кешіріліп, өзімізге уәде етілген Көктегі мәңгілік өмірге ие боламыз. «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады» (Жохан 3:16). «Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегінде Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне сенсең, онда құтқарыласың» (Рим. хат 10:9). Мәсіхтің айқышта жасаған игі ісіне сену - мәңгілік өмірге апаратын жалғыз жол болып табылады! «Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый, сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын» (Ефес.хат. 2:8-9).
Егер сіз Иса Мәсіхті өзіңіздің Құтқарушыңыз деп қабылдағыңыз келсе, біз сізге төмендегі мінажатты мысал ретінде ұсынамыз. Алайда есіңізде болсын: сіз әншейін осы мінажатты немесе басқа мінажатты айту арқылы құтқарылмайсыз. Сіз Иса Мәсіхке сенім арту арқылы ғана күнәларыңыздан құтқарыла аласыз. Бұл мінажат арқылы сіз Құдайға өзіңіздің Оған сенетініңізді білдіріп, өзіңізді құтқарғаны үшін Оған алғыс айтасыз. «Құдайым! Сенің алдында күнә жасағанымды және жазалануға тиісті екенімді білемін. Бірақ Иса Мәсіх мен тартуға тиісті жазаны Өз мойнына алды, сондықтан мен Оған сенім арту арқылы кешіріле аламын. Мен өз күнәларымнан бас тартып, құтқарылу үшін Саған сенемін. Сенің керемет рақымың мен кешірімің үшін және маған сыйлаған мәңгілік өмір үшін Саған алғыс айтамын! Аумин!»
Сіз осы жерде айтылғанды оқығаннан кейін Мәсіхті қабылдау жайында шешім жасадыңыз ба? Егер «иә» десеңіз, онда, «Мен бүгін Мәсіхті қабылдадым» деген түймені басыңыз.