Жаратқанға ризашылығым шексіз!


kudai.kzБалалық шағым өте бақытты өтті. Есейгенде өзімді құдайшыл әрі иман жүздімін деп ойлайтынмын. Шындығына келгенде өмірім ондай адамға ұқсаған жоқ. Кішіпейілділік дегенді білмейтін нағыз қырсықтың өзі едім. Осы мінезімнен өмірден опық жеп, қаншама қателіктерге ұрындым. Әсіресе тұрмыс құрғанда жолдасымды орынсыз қызғанып, өзімді тым жоғары санайтынмын. Осының кесірінен мен өз отбасымның отын өз қолыммен сөндіре жаздадым. Құты қашқан отбасында қандай береке болсын. Ақырында баспанамыздан айырылып, жазықсыз екі қызымызбен далада қалдық. Ол аз болғандай, 1998 жылы қатерлі ісік ауруына душар болдым. Өзімнің айықпас дертке шалдыққанымды білсем де, әлі де өмір сүруге үмітім бар еді. Сондықтан дәрігерлердің өте күрделі операция жасауына келісім бердім. Алғашында олар менің жанымды ажалдан арашалап қалар деген үмітім зор болатын. Өкінішке орай, операциядан кейінгі жағдайым бастапқыдан бетер ушығып кетті. Дәрігерлер операция жасаған жараның орны жазылмай қойды, тіпті асқынып, одан сайын үлкейе берді. Күн сайын денсаулығым нашарлап, осы дүниеден алыстап бара жатқандай болдым. Бір жағынан өлім алдындағы үрей, екінші жағынан екі қызымның бейкүнә жанары көз алдымнан кетпей, қайғыдан одан сайын құса болдым. Дәрігерлер үмітімді толығымен үзіп, мені емдеуден бас тартты. Ендігі жерде менде жан айқайымды Жаратқанға айтып, жалбарынудан өзге жол қалған жоқ еді. Осылайша менің ендігі тағдырым Құдайдың қолында екенін ұғындым. Оған күн сайын сыйынып жүргенде, бір құрбымның шақыруымен мәсіхшілер қауымына бардым. Мен сол жерде өмірімде алғаш рет жүздері мейірімге толы, бақытты жандарды кездестірдім десем, қателеспеген болар едім. Өзім де көп ұзамай сол бақытты адамдардың қатарына қосылдым. Яғни, Иса Мәсіхті Құтқарушым ретінде жүрегіме қабылдадым. Сегіз ай бойы жазылмай, ірің кеулеп, асқынып кеткен жараның аузы он күннің ішінде жабылды. Бұған куә болған жолдасым мен қыздарым Құдай жіберген Құтқарушы Иса Мәсіхке иман келтірді. Содан кейін Құдай отбасымызда бұрын соңды болмаған береке мен бірлік берді. Өйткені Құдай мені тек қатерлі ісік (рак) ауруынан ғана сауықтырған жоқ. Ол мені нағыз қатерлі рухани дерт-күнәдан сауықтырды. Бүгінде баспанамыз бар, қыздарымыз ер жетті. Кіші қызым консерваторияны бітіріп, хұмысқа орналасты. Жақында күйеуіміз екеуіміз некедегі отыз жылдық мерейтойымызды атап өттік. Егер де бұрын біреу маған болашақта сенің келешегің дәл бүгінгідей болады десе, сенбеген болар едім. Бақытыма орай, Құдай маған әлі де жарық таңды көруді бұйыртқан екен. Жаратқанға ризашылығым шексіз! Сіздерге де ауру-дертті сауықтырушы, адасқандарды іздеп табушы, рақымды Жаратқан Ие жар болсын!

Темірболатова Мария