«Бір Жаратқан Ие бар шығар» деген оймен өмір сүрдік...
«Бір Жаратқан Ие бар шығар» деген оймен өмір сүрдік...
Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, Алматы қаласындағы «Сәулет-құрылыс институтына» түсіп, оны жақсы бітірдім. 1990 жылы сүйікті жарым Қарлығашпен таныстым. Екеуіміз бас қосып, шаңырақ көтердік. Басында бәрі жақсы өтіп жатты. Үлкен ұлымыз дүниеге келді. Біз «бір-бірімізді сүйіп қосылғанбыз, біріміздің жүгімізді екіншіміз көтерісеміз» деп ойлайтын едік. Бірақ соған қарамастан, 1995 жылдардағы ел экономикасындағы қиыншылық біздің жас отауымызға да ауыртпалықтар әкелді. Сол себептен екеуіміздің арамызда көптеген түсінбеушіліктер мен жетіспеушіліктер туындай бастады. Біріне-бірі жалғанған шешімі табылмаған мәселелер шаңырағымыздың шайқалуына дейін апарды. Сонымен біз сол жылы ажырасып тындық. Мен жұбайымнан ажырасқаннан кейін, бар кінәны Жаратқан Иеден көретінмін. «Құдай бар болса, Ол қайда қарап тұр, не үшін ажырасуға жол берді» деп ойлайтынмын. Бірақ осы жағдай менің Тәңірді іздеуіме себепші болды. Осы ізденіспен жүрген кезімде бір күні көшеден «Жұбаныш қызметі» деген хабарландыруға көзім түсті. Мен телефон нөмірін алып, сол жерге телефон шалдым. Сөйтіп байланыс сымының арғы жағында тұрған кісімен бір жарым сағат бойы әңгімелестім. Осы кезде мен алғаш рет Құдай туралы естідім. Әлгі кісінің берген мекен-жайы бойынша мәсіхшілер қауымына келіп, Жаратушы Иенің адал Қызметшісі Иса Мәсіх жайында көптеген шындықтарды естіп білдім. Содан мен Құдай алдында жасаған барлық күнәларымнан тек қана Иса Мәсіхтің құрбандығы арқылы ақтала алатыныма көз жеткіздім. Осы шындыққа сеніп, тәубе жасап, барлық күнәларым үшін Құдайдан кешірім сұрадым. Сол сәттен бастап өмірім күрт өзгеріп, жүрегім сүйіспеншілік пен мейірімділікке толып, қуанышқа кенелдім. Барлық болған жағдайға өзімнің кінәлы екенімді түсініп, ең алдымен әйелімнен кешірім сұрауға асықтым. Әрине, бастапқыда ол менің сөздеріме сене қоймады, тек бір жыл өткен соң ғана сенімге келіп, Құдайға толық бағышталды. Сөйтіп Жаратқанның қалауымен екеуіміз некемізді ресми түрде қайта қалпына келтірдік. Сол күннен бастап Тәңіріміз біздің отбасымызға шынайы бақытты сыйлады, барлық жаман мінез-құлықтарымыз бен зиянды әдеттерімізден арылтты. Бүкіл әлемнің Иесі және бүкіл тіршілікті жаратқан Құдайға қызмет ету біз үшін өте үлкен қуаныш пен артықшылық. Біз барлық өмірімізді Оған арнап, әрбір күннің әрбір сәтін Онымен бірге өткізгіміз келеді. Бүгін міне, бақытты жанұяның түтінін түтетіп, үш бала тәрбиелеп отырмыз. Алдағы мақсатымыз Құдай жолында үлкен-үлкен асулардан өтіп, жемісті қызмет ету. Өйткені Құдай әрбір пендесінің Өзіне бағынып, жамандық атаулыдан аулақ жүріп, Өзіне қызмет еткенін қалайды. Сол себептен сіздерге тілерім, Жаратқан Иенің еркіне сай өмір сүріп, отбасыңызда тату-тәтті болыңыздар! Ол осы жолда ешкімді жалғыз қалдырмасы анық. Құдай сіздермен бірге! Аумин.
Қанатбаев Нұрлан