Бала кезден еркін күреске ден қойдым...


kudai.kzОсының нәтижесі болар, мен осы жолда біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Жастайымнан КМС (спорт шеберлігіне үміткер) атағын иемдендім. Бұл менің туыстарымның және жолдастарымның арасындағы беделімді одан сайын аспандатқандай болды. Уақыт өте келе қол жеткізген абырой-атағым мені тым өркөкірек етіп жіберді. Өмірдегі бар қиындықты білектің күшімен бағындырып алардай аласұрдым. Ақша керек пе, басқа керек пе, мен үшін түк емес сияқты болып көрінетін. Алдымнан кесе-көлденең келгендер болса, жолымнан оп-оңай ысырып тастау менің күнделікті өмір сүру салтыма айналды. Тіпті, керек болса, «кісі өлтіруге де дайынмын» деген ой мені одан сайын есірткендей болды. Тіршіліктің негізін осылай қалау жеңіл, әрі дұрыс деп түсіндім. Ақшаға деген құмарлығым сонша, ол үшін еш нәрседен тайынбайтын едім. Осы жолда да көп нәрсеге қол жеткіздім. Біртіндеп бәрі бар болған сайын ол маған аз көрінетін болды. Әрдайым бәрінен алда болғым келді. Алайды мұның өзі маған жеткіліксіз көрінетін. Қысқасы, өмірдің тәни рахатының дәмін толығымен татуға тырысып бақтым. Осы құмарлықтың жетегінде жүріп, арақ, темекі, жеңіл жүріс, есірткі дегендерге әуестеніп, өзімнің алысқа ұзап, адасып кеткенімді аңғармай қалдым. Дегенмен, өз өмірімде дегенімнің бәрі бола тұра, ішкі жан-дүниемде қанаған болған жоқ. Мендегі бар нәрсе маған ешқашан қанағат пен қуаныш бере алмайтынын түсінгенімде, іштей күйзеліп, өмірден түңілетін болдым. Сондықтан қолдан келсе, бәрінен бас тартып, жаңаша өмір бастау керек деп талай әрекеттендім. Өкінішке орай, ол кезде менде өз құмарлықтарыма қарсы тұратын күш-дәрмен болған жоқ. «Енді бәрі кеш, талай уақытымды жоғалттым» деп жүрген күндердің бірінде Құдай маған үміт берді. Мен бір танысымнан Иса Мәсіх туралы, Оның барша адамзат өміріне ықпал ете алатыны жайлы естідім. Жаратқанның бар күнәмды кешіріп, сол кездегі дәрменсіз жағдайдан алып шығуға құдіретінің жететінінен хабардар болдым. Бірақ мен бірден бұл ақиқатты қабылдамадым. Арада біраз уақыт өтті. Бір күні әдеттегідей қатты есірткі шеккім келіп құмарттым. Алайда, бұл жолы есірткі іздеудің орнына Жаратқанға Иса Мәсіхтің атынан жалбарынып, мені осы жаман әдеттен арылтуын сұрап, қайталай бердім. Сол күннің кешінде өзім сияқты есірткі қабылдайтын достарыммен кездестім. Бір қызығы, осы сәтте мен өзімнің енді қайтып есірткіге тәуелді емес екеніімді аңғардым. Қатты қуанып: «Құдай бар екен, Ол менің жалбарынған үніме құлақ асты», - деп оған сенім арттым. Осы күннен бастап мен өз өмірімнің билігін Жаратқаннан келген Иса Құтқарушының қолына тапсырдым. Құдайға рахмет! Бүгінде мен уыздай ұйып отырған отбасының иесі, балаларымның қамқоршы әкесі, жарымның сүйіктісі және өмірден өз орнын таба алмай жүргендірдің тілекшісімін.

Ақылбеков Анарбек