Мінажаттың күші орасан зор


kudai.kz

       Аты-жөнім Нұрымбетов Жайлыбай. Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Алматыда Үй қауымда жетекші болып қызмет атқарамын. Құдайға шүкір, қазіргі таңда жұбайымыз екеуміз үш бала тәрбиелеп отырған жөніміз бар. Басыма түскен таудай тауқыметім мен өмірімнің сергелдең кезеңдерін және Құдай мені сол жағдайдан қалай алып шыққаны туралы сіздермен бөліскім келеді...

       Әдеттегідей жұмыс күні еді... Күнделікті жұмыстарымды істеп, өз үстелімде отырғанмын, кенеттен басым айналып, орнымнан тұра алмай қалдым, тіпті өз-өзімді көтере алмастай, ауыр болып кеткендей сезіндім. Көз алдымда жерден алыстап бара жатқандай болдым, жүрегім айнып, басым ауыра бастады. Бұны көрген әріптестерім жедел жәрдем шақырып, мені бірден ауруханаға алып кетті. Міне, содан бастап ауруханадағы ауыр күндер басталды... Жөн сұраса, жөнімді білмейтіндей хәлде емеспін, алайда бәрін естіп, көріп тұрсам да ешнәрсе айтуға шамам келмей, сүлдем сұлқ түсіп, орнымнан қозғала алмадым. Ал дәрігерлер маған нақты диогноз қоя алмай әлек, себебі біреулері мені араққа сылқия тойып алған деп ойласа, кейбірі тамақтан уланды деп тұжырымдады, ал үшіншісі миының қан айналымы бұзылған деді. Сол уақытта менен анализ үшін қан алды, әйтсе де ол нәтиже бермеді. Содан кейін мені ауруханадан үйге алып кетті. Алайда үйде де өзімді жақсы сезіне аладым. Менің хәлімді көрген әйелім, бала-шағам дәрменсіз сең соқты. Жұбайымның мен үшін қатты күйзелгенін көріп жүрегім қарс айрылды. Алайда, бұл Құдайдың бізге жіберген сынағы болар деп бәріне шыдауға тырысып бақтық. Сол аралықта дәрігерлер маған компьютерлік тексеру жасату керек деп шешім қабылдап, мені кешкі сағат сегізде шұғыл түрде ауруханаға тексеруге жіберді. Тексеріс барысында «ишемиялық инсульт» алғаным белгілі болды. Бұны естіген туған-туыстарым және әйелім есеңгіреп қалды. Содан кейін мені жетінші қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызды. Екі апта бойы әйелім күндіз-түні жанымнан тапжылмай, маған қолдау көрсетіп, Құдайға мінажат етумен болды. Жиі ине салу, система қою, дәрі-дәрмек ішу – бұның бәрі менің күнделікті өмір салтыма айналып кеткендей еді... Дегенмен, басымның ауырғаны қояр емес, көзіме бәрі екеу болып көрініп, тіпті өз күшіммен әжетханаға бара алмайтыным жаныма қатты батты. «Неге?», «Қалайша?», «Осындай жағдайға қалайша тап болдым?» деген сан қилы сұрақтардың түпсіз тереңіне батып кететінмін. Алайда сол кезде көптеген адамдар, тіпті мені танымайтындар да мен үшін сиыныпты, Құдайға шүкір. Себебі осындай жағдайда жаны ашитын адамдардың көмегі әрқашан қажет. Сол кезде, ең қиыны, мен өздігімнен әжетханаға бара алмадым. Сондықтан мен Құдайдан «әжетханаға өз күшіммен барсам екен» деп тіледім. Сөйтіп аптаның аяғында, аурухананың бөлмесінде ешкім жоқ кезде, менен үш метр жердегі әжетханаға өз еркіммен баруды шештім. Әрине, дені сау адамға бұл оңай көрінеді, бірақ мен үшін өте қиын болды. Сол сәтте, менің басым ауырғаннан сынып бара жатқандай болды, ал көзімнен жас парлап ақты. Осыған қарамастан, сол мезетте әжетханаға өз күшіммен бара алғандығым мен үшін ең бақытты сәт болды. Алайда дәрігерлер бұл ісімді құптамады, әрі маған төсектен тұруыма қатаң тыйым салды. Ал екі аптадан кейін, емделуімді жалғастыруым үшін, мені басқа ауруханаға ауыстырды. Ол жерде тағы он күн емделіп, өз аяғыммен жайлап жүруді үйрене бастадым. Сосын маған Қазақстанның медициналық және әлеуметтік сараптама мекемесінен екінші топтағы мүгедек дегенді растайтын құжат алу керектігін айтты. Алайда мен оған қарсы болып, мүгедек деген сөзден бас тарттым, себебі Құдайдың мені сауықтыруға құдіреті жететініне сендім. Ал дәрігерлер «ары қарай емделуге ешқандай үміт жоқ» деді. Сол кезде әйелімнің маған көрсеткен көмегін Жаратушы Тәңірден келген сүйіспеншілік деп білдім, өйткені күндіз-түні ауру адамның жанында болу, оны тамақтандыру, әжетханаға апару үлкен жауапкершілік. Алайда менің жұбайыма Құдай даналық, шыдамдылық пен ұстамдылық беріп, толық жазылып кетуім үшін ол маған аянбай қызмет етті. Бір қызығы, мен осы ауруға шалдықпастан бұрын, әйелімді бастығы мүгедектерге массаж жасау курсына оқуға жіберген еді. Әйелім мүгедектермен қалай жұмыс істеу керектігін білгендіктен, маған қиын болмады. Құдай бәрін білетіндіктен, әйелімді алдын-ала дайындағанын түсіндім. Мені Құдайдың сауықтыратынына нық сеніп, ауруға отбасымызбен бірге қарсы күрестік. Киелі Жазбада «...Әділ адамдардың Құдайға сиынуларының күші орасан зор» деп айтылғандай, сол кезде мен үшін сиынған адамдардың мінажаттарының арқасында жиырма сегіз күннің ішінде жазылып кеттім. Медицинаның қауқары жетпеген ауруымды, Өзіне сиынғандарға еш шүбәланбай бере салатын Тәңір Иеміз сауықтырды. Кейіннен дәрігерлер толық жазылып кеткенімді көріп, таңқалды. Сол уақытта дәрігерлер маған көлік жүргізуге болмайтынын айтқан еді, бірақ қазіргі күнде мен көлікті еркін жүргіземін. Әрине, бұл Тәңіріміздің бізге деген рақымы деп білемін. Қиын сәтте бізге қолдау көрсеткендер де, қарсы сөз айтқандар да болды. Тіпті, «күнә жасағандықтан осындай жағдайға тап болып отыр» деушілер де болды. Енді мен мінажаттың күші орасан зор екенін түсіндім.