Өзгерген өмір
Өзгерген өмір
Менің аты-жөнім Мырзахметов Еркінбай 1970 жылы Шымкент облысы, Алғабас ауданы, Бөген совхозында дүниеге келдім. 1977 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1987 жылы 10 жылдық мектепті аяқтадым. 1988-1990 жылдары әскер қатарында қызмет еттім. 1990 жылы әскери борышымды аяқтап, туған жеріме оралдым. 1993 жылы отау құрдым. Жұбайымның есімі Нұргүл. Ол да өзіміздің ауданнан. 1994 жылы қыркүйек айында үлкен ұлымыз Жәңгірхан және 1996 жылы сәуір айында кіші ұлымыз Шынғысхан дүниеге келді. Үлкен ұлымыздың дүниеге келгенінен бастап ішімдік ішуді әдетке айналдырдым. Бұрын да мектепте аздап ішіп жүретінмін. Үйдегілер мұныңды қой деп өтінгенімен, мен: «ішкім келсе ішемін, ішкім келмесе қоямын» деп оларды тындамадым. Әке-шешем: «ішсең іш, бірақ көп ішпе» деп өтінді. 1994 қыркүйек айынан бастап ішімдікке қатты берілдым. Сау жүрген бір күнім болмады. Жанұямда береке қалмады. Үйімізде күнде ұрыс-жанжал, реніш. Келіншегімнің әке-шешесі ішімдікті тастап адам қатарына қосылуымды өтініп, қаншама ақылдарын айтса да көнбедім көрді. Басындағы «қаласам ішем, қаламасам қоямын» деген сөздерімнің бәрі бекер болды. Өз-өзімді тексерсем, ішімдікке мықты байланыппын. Енді көмек іздей бастадым. Ішімдікті тастататын қандай көмек болса да қабылдауға дайын болдым. Туыстарым ішімдіктен емдейтін емханаға жатқызғылары келді оған да келістім. Тек ішімдіктен арылсам болғаны. Сенбі күні болатын. Үлкен апам Сұлтанкүл үйімізге келді. Алдында келіп жүргенінде менен үлкен екі ағама Құдай сөзін айтып жүретін. Бірақ маған айтқан жоқ. Құдайға маскүнемдер керек емес дейтін. Екі ағам ішімдік ішпейтін. Апам үйдегілерге: «Еркінді Құдай үйіне (қауымға) апарайын, егер қоймаса, қалаған уақытта арнайы емханаға тапсырармыз» деді. Жексенбі күні Шымкент қаласындағы «Сенім» қауымына апаммен бірге еріп бардым. Жиында айтылған Құдай сөздері жүрегіме өте жылы тиді. Жиынның соңында бақташымен сөйлесіп, күнәдан құтылудың жолын сұрадым. Ол Құтқарушы бар екенін түсіндірді. Киелі Жазбаға сай: Құдай бір адамнан бар ұлттарды таратып, бүкіл жер жүзін мекендетіп, олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған. Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес. Құдай Өзінің қаһарын басып, күналарды мойнына алатын құрбандық ретінде Мәсіхті көрсетті. Құдайдың рақымымен Мәсіх төлемдерін төлеп, құтқаруының арқасында адамзат тегін ақтала алады. Атап айтқанда, Құдай бұл дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзат үшін соның дәлелі болсын деп Құдай бұл Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды. Ол – Иса Мәсіх. Екі аптадан кейін, 1997 жылы наурыз айында Иеміз Иса Мәсіхті өзімнің жеке Құтқарушым деп шын көңілмен қабылдадым және өмірімді өзгертуін сұрадым. Сол күні-ақ Иеміз Иса Өзі мені жетелеуін бастады. 1997 жылы маусым айында шомылдыру рәсімінен өтіп, өзімді Құдайға бағыштадым. 1998 жылдың қыркүйек айынан бастап Құдайдың рақымы мен кешірімі жайлы Ізгі хабарды жариялауға кірістім. 1999-2001 жылдар жаз айларында Ақтөбе облысында Ізгі хабар таратып қызмет еттім. 2001-2002 жылы Алматыда семинарияда оқыдым. 2002 жылдың шілде айында отбасыммен Ақтөбе қаласына Иеміз Иса Мәсіхке қызмет етуге көшіп келдік. Қазір Ақтөбе қаласында «Нұр» қауымының жетекшісі болып қызмет етемін. Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай мадақталсын. Менің өмірімді өзгертіп, мәңгілік үміт сыйлағанына шын жүректен шексіз алғысымды білдіремін. Отбасымда Иеміздің тыныштығы орнады. Маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, өмірімнің соңына дейін Оған қызмет ете аламын.
Мырзахметов Еркінбай