Бала кезден Исамен таныспын


kudai.kzИса Мәсіхке кішкентай кезімнен сенемін. Өйткені бала кезімде анамнан Ол туралы көп естігенмін. Алматының жанында тұрғандықтан, анам қалада жұмыс істейтін. Бір күні анам жұмыстан келіп, мені, әпкем мен сіңлім үшеумізді отырғызып қойып: «Қазір мен сендерге бір нәрсе айтамын, сендер менің соңымнан қайталаңдар», - деді. Әлі кішкентай бала болғандықтан, қызығушылықпен, «жарайды», деп келісім бердік. Не айтып жатқанын түсінбесек те, солай қайталап, Исаны қабылдадық. Бірақ, бір қызығы, анам бізге: «Көздеріңді жұмып, Исаны көз алдарыңа елестетіңдер», - деді. Мен сол кезде Оны көз алдыма елесте алмадым. Себебі мен Оны көрген жоқпын ғой. Таң қалып, «Ол қандай екен?», - деген балалық қызығушылығым арта түсті. Кішкентай болсам да Исаны қабылдаған соң, өмірімде бір кішкене өзгерісті сездім. Өйткені, көшедегі балалармен ойнаған кезде, кейде үйде жүрген кезде де, жаман сөздерді көп қолданатынмын. Исаға сенгеннен кейін сол жаман сөздер бірден ғайып болды. Егер айтайын деп бастасам, алыстан бір нәзік дауыс естіліп, «болмайды, ол дұрыс емес», деген сияқты көрінеді. Мен сонда түсіндім, бұл Киелі Рухтың даусы екенін. Содан кейін белгілі бір себептермен қалаға көштік. Өкінішке орай, сол кезде әкем біздің қауымға барғанымызға қатты қарсы болды. Қауымға жібермеуге тырысатын. Бірақ Құдайдың Өзі бала кезімнен Жаратқан Иеге деген қызығушылықты жүрегіме салды. Әкем қауымға баруға тыйым салған сайын, сол жерге барғым келіп тұратын. Әрбір мүмкіндікті жібермеуге тырысатынмын. Тіпті әкемнің қарсы болғаны соншалық, кейде байқамай қол көтерген кездері де болды. Сол кезде қиналсам да, Құдайға баруға ұмтыла бердім. Бір күні анам әкеме келіп: «Бала қауымға барғысы келеді, сен қарсы болма, мен оның барғанын қалаймын», - деді. Құдайға шүкір, ол қарсы болған жоқ. Содан бері қауымға 4-5 жылдан бері тұрақты келіп тұрамын. Қазір қауымда қолымнан келгенше белсенді қызмет етуге тырысудамын. Сол кездері маған мадақтау тобы қатты ұнайтын. «Шіркін, мадақтау тобында тұрсам ғой», - деп армандайтынмын. Тіпті анда-санда келгенде олардың дайындығына қатысып, ән айтуға тырысатынмын. Уақыт өте-келе Құдайдың Өзі сол мадақтау тобына шақырды. Содан бері сол топтамын. Құдайға алғысымды айтамын, өйткені Оған келместен бұрын ешқандай аспаптарды ойнауды білмейтінмін. Құдай жолында жүріп үйрендім. Құдай өзіме сай кейбір қиыншылықтардан өткізді. Солар арқылы сенімім шыңдалды десем болады. Қазір өзіммен қатар жастардың өміріне қарасам, Жаратқан Иенің маған деген зор сүйіспеншілігін сеземін. Себебі Ол мені бала кезімнен құтқарып алды. Егер менен біреу: «Құдайсыз да жақсы өмір сүруге болады ғой», - десе, мен оған: «менің Құдайым - тірі Құдай, Ол менің әрбір дұғама жауап береді. Сондықтан да менің Құдайымның басқа жалған құдайлардан айырмашылығы осыда», - деп жауап берер едім. Менің сіздерге тілегім, халқымның нағыз Тірі Құдайды танығандарын қалар едім. Арманым, қазақ бауырларыма Тәңірімнің сөзін жеткізу. Жаратқан Ие сіздерге жар болсын! Ол сіздерді сүйеді! Аумин!

Бақыт