Дұға
Дұға
Дұға арқылы Құдай бізді өзгертеді. Дарындылық, қабілеттілік, ақыл-ой, шынайылық, байсалдылық, ынта, көп оқу, Киелі кітапты жақсы білу, білім, мінезіміз ... осы нәрселердің ешқайсысы да дұғаның көмегінсіз бізді Құдай қалайтын адамға өзгерте алмайды. Себебі Құдай дұғаны бізді өзгерту үшін қолданады. Сондықтан дұғаға толы терең мағыналы өмір сүргіміз келсе, онда бізде өзгергім келеді деген ниет болуы керек. Барлығымыздың да Құдайға ұнамды өмір сүргіміз келеді әрі осы өміріміздің жақсаруын қалаймыз. Ал Құдайдың қалауы - үнемі дұға етіп, Онымен тығыз қарым-қатынаста болатын адамдар. Қауымдар дұға адамдарына мұқтаж. Егер мәсіхшілердің тарихына қарайтын болсақ, онда Құдайдың ұлы адамдарының дұғаны өздерінің бүкіл өмірлерінің басты мақсаты деп санағандықтарын көре аламыз. Олар қалаған уақыттарында немесе тез, асығып-үсігіп дұға еткен жоқ, қайта күнделікті, үздіксіз дұға етті. Олардың дұғалық өмірлерінің маңызды болғаны соншалық, осы дұғалық өмір олардың мінездерін қалыптастырды. Біз Киелі кітапты оқығанда, Құдайдың қызметшілері өздерінің дұғаларының өзгеріс әкелетініне сенгендіктерін көре аламыз. Кейбір сенушілерде мынадай түсінік қалыптасқан: “болатын нәрсе әлдеқашан белгіленіп қойғандықтан, біз ешнәрсені де өзгерте алмаймыз”. Ондай түсінік басқа діндердің үйрететіні, бірақ Киелі кітаптық тәлім ондай емес. Біз осы жағдайды Мұсаның өмірінен көре аламыз. Исраилдіктер алтын бұқа пұтына табынғанда, Құдай исраил халқына апат жіберемін деп қаҺарланады. Мысырдан шығу кітабының 32:11-13 аяттарында Мұса Құдайға исраилдіктерге деген көзқарасыңды өзгерте гөр деп дұға етеді: “ҚаҺарыңды басып, халқыңа апат жіберемін деген райыңнан қайт” (Мысырдан шығу 32:12). 14 аятта Құдайдың апат жіберемін деген райынан қайтқанын көреміз. Дұға арқылы айналадағы жағдайды өзгерткен тағы бір адам - Ілияс. Жақыптың хаты 5:17-18 аяттарында Ілияс пайғамбар да біз сияқты пенде болғандығы жайлы оқимыз. Алайда ол жаңбыр жаумасын деп шын көңілмен сиынғанда, үш жарым жыл бойы жерге жаңбыр жаумады. Ол қайтадан сиынғанда, аспаннан жаңбыр құйылып, жер өнімін берді. Дұға Құдайдың әрекет етуіне түрткі болады. Бірақ бұл дұғаларымыз арқылы Құдайдың райын өзіміздікіндей ету дегенді білдірмейді. Немесе дұғаларымыз арқылы Құдайға қалағанымызды істету де емес. Өзіміздің дегенімізге жетеміз деп Құдіретті Тәңір Иені қолданбаймыз да. Бірақ дұғаларымыз арқылы жердегі жағдайларды жаңаша бағалай бастаймыз да, ол Құдайдың әрекет етуіне себепші болады. Дұға арқылы Құдайдың көзқарасын біле аламыз. Сонымен қатар Оның біздің не істегенімізді қалайтынын да біле аламыз. Дұға бізді өзгертеді, бізді қоршаған ортаны да өзгертеді. Дұғадан асқан терең немесе биік ешнәрсе жоқ. Көптеген мәсіхшілер үшін ол ең қиын іс болып табылады. Дұға ету - қиын деген пайымдау оғаш естілетін шығар. Кейбір адамдар бастарына қиындық түскен кезде ғана Құдайға жалбарына бастайды. Ал кейбір адамдар қуанышты жағдайда да Құдайға ризашылығын білдіре бастайды. Бірақ шынайы өмір мен тарихты өзгертетін дұға жоғарыда келтірілген дұғалардан әлдеқайда тереңірек. “Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер” (Жохан жазған Ізгі хабар 16:23-24). Біз Исаның атымен дұға ету керекпіз. Кейбір адамдар осы аяттағы уәдені оқып, ол уәденің шартына көңіл бөлмейді. Құдайдың барлық уәделерінің шарты бар. Исаның атымен дұға ету жай ғана дұғаның аяғында “Исаның атымен дұға етемін. Аумин” деп айта салу емес. Киелі жазбада адам есімі оның шынайы кім екендігін және оның болмысын көрсетеді. Исаның атымен дұға ету біздің дұғаларымыздың Оның тұлғасымен үндестігін білдіреді. Оның атымен дұға ету біздің сұрайтын нәрсеміздің Оның сүйіспеншілігіне, мақсатына, танымына, әділдігі мен еркіне қарсы келмей, қайта Құдайдың осы жақтарымен ұштасып жатқандығын білдіреді. Исаның атымен дұға ету деген сөз - Ол дұға ететіндей дұға ету. Ол дұға етпейтіндей дұға ете алмаймыз. “Исаның атымен” дұға ету біздің “Мәсіхте” екенімізді білдіреді. Біз Құдайдың алдына өзіміздің ізгілігімізге негізделмей, қайта Мәсіхтің біз үшін істегеніне негізделіп келеміз. Осы шындықты Жохан жазған Ізгі хабар 14:13-14 аяттарда Исаның айтқан сөздерінен көруге болады: “Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің Ұлы арқылы көрінеді. Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен оны орындаймын”. Құдай бізді дұғаларымыз арқылы Өзіне шақырады. Ол біздің дұға еткенімізді қалайды. Ол бізбен қарым-қатынаста болғанда қуанады. Ол бізге қажет көмекті көрсетуге әрқашан даяр, рақымды Құдай.