Құдайды іздеу Құдайды іздеу

Сиыну


kudai.kzҚұдай бізді дұғаларымыз арқылы Өзіне шақырады. Ол біздің дұға еткенімізді қалайды. Ол бізбен қарым-қатынаста болғанда қуанады. Ол бізге қажет көмекті көрсетуге әрқашан даяр, рақымды Құдай. Дұға Құдайдың әрекет етуіне түрткі болады. Бірақ бұл дұғаларымыз арқылы Құдайдың райын өзіміздікіндей ету дегенді білдірмейді. Немесе дұғаларымыз арқылы Құдайға қалағанымызды істету де емес. Өзіміздің дегенімізге жетеміз деп Құдіретті Тәңір Иені қолданбаймыз да. Бірақ дұғаларымыз арқылы жердегі жағдайларды жаңаша бағалай бастаймыз да, ол Құдайдың әрекет етуіне себепші болады. Дұға арқылы Құдайдың көзқарасын біле аламыз. Сонымен қатар Оның біздің не істегенімізді қалайтынын да біле аламыз. Дұға бізді өзгертеді, бізді қоршаған ортаны да өзгертеді. Дұғадан асқан терең немесе биік ешнәрсе жоқ. Көптеген мәсіхшілер үшін ол ең қиын іс болып табылады. Дұға ету - қиын деген пайымдау оғаш естілетін шығар. Кейбір адамдар бастарына қиындық түскен кезде ғана Құдайға жалбарына бастайды. Ал кейбір адамдар қуанышты жағдайда да Құдайға ризашылығын білдіре бастайды. Бірақ шынайы өмір мен тарихты өзгертетін дұға жоғарыда келтірілген дұғалардан әлдеқайда тереңірек. Исаның он екі шәкіртінің барлығының да діни отбасында тәрбиеленгендері ықтимал. Балалық шақтарында көбісі діни жиналыстарға барып, шынайы Құдайға дұға ету олардың күнделікті мәдениетінің бір бөлігі болды. Осылайша олар дұға етіп өсті. Бірақ олар Исаның дұға еткенін көргенде: “Тәңір, бізге дұға етуді үйретші” деп өтінеді. Терең дұға етуді үйрену керекпіз. Дұға етуді үйренудің екі жолы бар: 1. Дұға туралы шындықтарды үйрену. 2. Дұға ету арқылы дұғаны үйрену. Осында біз дұға ету туралы шындықтармен бөліспекпіз. Дұға еткен кезде осы шындықтарды қолданып, дұға туралы үйренуіңіз өз еркіңізде. Дұға туралы негізгі шындықтар 1. “...Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс” (Еврейлерге арналған хат 11:6). Киелі Жазбаның көптеген аяттарында сенім дұға үшін қажет деп айтылған. Әдетте сенім туралы ойлағанда, дұға арқылы тілегеніміздің бәрі болады деген ойда боламыз. Ол сенімнің бір бөлігі ғана. Дұға еткенімізде, бізде Құдай бар, Ол дұғаларды естіп, оларға көңіл бөледі және Құдай дұғаларымызға ең жақсы жолмен жауап қатады деген сенім болуы керек. 2. “Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына еш қысылмастан жақындап, өтініштерімізді білдірейік. Осылай көмекке мұқтаж кездерімізде Оның мейірімділігі мен рақымына ие боламыз” (Еврейлерге арналған хат 4:16). Құдай бізді дұғаларымыз арқылы Өзіне шақырады. Ол біздің дұға еткенімізді қалайды. Ол бізбен қарым-қатынаста болғанда қуанады. Ол бізге қажет көмекті көрсетуге әрқашан даяр, рақымды Құдай. 3. “Иса шәкірттеріне әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің керектігін де астарлап түсіндірді...” (Лұқа жазған Ізгі хабар 18:1). Құдай бізді дұға етіңдер деп шақырып қана қоймай, бізге дұға етіңдер деген өсиет те берген. Оған қоса Ол бізге үздіксіз, төзімділікпен дұға етіңдер деп бұйырады. Төзімділік көп дұға еткендіктен дұғаларымызға жауап аламыз деп ойлайтын жалған тәңірлерге табынушылардың мәнсіз құр сөздеріне ұқсамайды. Иса Матай жазған Ізгі хабар 6:7 аятта бізді сондай дұғадан сақтандырады. Неліктен бірнәрсе үшін ұзақ дұға ету керекпіз? Тәңірдің алдына дұғалық өтінішпен келудің өзіндік маңыздылығы бар. Төзімді дұға арқылы біз дұға ететін жағдай туралы көбірек ойлана бастаймыз. Осылай дұға ету арқылы Құдайдың осы жағдайға деген еркін көре бастаймыз да, Оған мойынсұнуға әзір боламыз. Сонымен қатар, төзімділікпен етілген дұға жүректерімізді тазартады. Киелі Рух қалай дұға ету керектігімізді және дұға өтініштеріміздің қалай өзгеру керектігін көрсетеді. Егер бір дұғалық өтініш жайында ұзақ уақыт бойы дұға ететін болсақ, онда дұға ететін жағдайға түрліше қарап, дұғаларымыз тереңірек бола бастайды. Сонымен қатар жиі-жиі Құдай болмысының түрлі жақтарын көріп, Құдайды жақынырақ танимыз. Бұған қоса, ұзақ етілген дұғаға жауап алғанымызда, біздің сеніміміз өсіп, берік болады. 4. “Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер” (Жохан жазған Ізгі хабар 16:23-24). Біз Исаның атымен дұға ету керекпіз. Кейбір адамдар осы аяттағы уәдені оқып, ол уәденің шартына көңіл бөлмейді. Құдайдың барлық уәделерінің шарты бар. Исаның атымен дұға ету жай ғана дұғаның аяғында “Исаның атымен дұға етемін. Аумин” деп айта салу емес. Киелі жазбада адам есімі оның шынайы кім екендігін және оның болмысын көрсетеді. Исаның атымен дұға ету біздің дұғаларымыздың Оның тұлғасымен үндестігін білдіреді. Оның атымен дұға ету біздің сұрайтын нәрсеміздің Оның сүйіспеншілігіне, мақсатына, танымына, әділдігі мен еркіне қарсы келмей, қайта Құдайдың осы жақтарымен ұштасып жатқандығын білдіреді. Исаның атымен дұға ету деген сөз - Ол дұға ететіндей дұға ету. Ол дұға етпейтіндей дұға ете алмаймыз. “Исаның атымен” дұға ету біздің “Мәсіхте” екенімізді білдіреді. Біз Құдайдың алдына өзіміздің ізгілігімізге негізделмей, қайта Мәсіхтің біз үшін істегеніне негізделіп келеміз. Осы шындықты Жохан жазған Ізгі хабар 14:13-14 аяттарда Исаның айтқан сөздерінен көруге болады: “Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің Ұлы арқылы көрінеді. Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен оны орындаймын”. 5. “Сонымен қатар әлсіреген бізді Киелі Рух та қолдайды. Тәңір Иеден не тілейтінімізді дұрыстап білмесек те, Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді” (Римдіктерге арналған хат 8:26). Кейбір кездері Мәсіхшілер Исаның қалай дұға ететінін білмегендіктен, дұрыс дұға ете алмаймыз деп сезінеді. Уайымдамай-ақ қойыңдар, себебі Киелі Рухтың Өзі бізге дұға етуге көмектеседі. Киелі Рух бізді бар шындыққа жетелейді (Жохан жазған Ізгі хабар 16:13). Егер біз Оның жетегінде болсақ, онда Ол бізді дұға еткен кезімізде де жетелейді. Ойға сыймайтын дұға өтініштері жайында дұға ете алмаған жағдайда, Ол біз үшін дұға етеді. Бізге Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар дап айтылған (Ефестіктерге арналған хат 6:18, ЯҺуданың хаты 1:20). Шынайы дұға Киелі Рухтың жетелеуімен, Оның даналығы мен күшімен етіледі. Ол ғана бізді Құдайдың еркіне сай дұға етуге қабілетті етеді. 1. “Жүрегімдегі зұлымдақты көргенімде, Құдай мені естімес еді” (Забур жырлары 65:18). Дұғаны өмірімізден бөліп, алшақтата алмаймыз. Біздің өмір сүру салтымыз дұға етуімізге ықпалын тигізеді. 2. “Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар” (Жохан жазған Ізгі хабар 15:7). Бұл дұға туралы шындықты жақсы түсіндіретін негізгі аяттардың бірі. Иса Өзін жүзім бұтасы, ал бізді бұтақтары ретінде көрсетеді. Егер кез-келген ағаштың немесе жүзім бұтасының бір бұтағын кесіп алып тастайтын болсақ, онда оның кеуіп қалатынын білеміз. Дәл осылай, егер біздің өмірімізде кез-келген бір нәрсе Мәсіхпен қарым-қатынас жасауымызға бөгет болса, онда біздің рухани кебу болғанымыз. Ұтымды дұға ету үшін біз Мәсіхпен тығыз байланыста болу керекпіз. Егер бір нәрсе Киелі Рухтың біздің өмірлерімізді толтыруына кедергі болса, ондай жағдай біздің дұғаларымызды қатты шектейді. Құдай Сөзі өміріміздің бір бөлігі болуы керек. Оның бізге ашып берген Сөзі арқылы біз Құдайдың Кім екенін, Оның қандай екенін, Оның еркін және Оған қалай дұға ету керек екенін біле аламыз. Оның Сөзін неғұрлым тереңірек түсініп, неғұрлым көбірек өмірлерімізде қолдансақ, соғұрлым біздің өміріміздегі дұғалар тереңірек, маңыздырақ және ұғымды болады. 3. “О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаҺарыңа толы) мына тостағанды Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!” (Лұқа жазған Ізгі хабар 22:42). Өзіміз үшін дұға етудің ең басты мақсаты - Құдайдың еркін білу, Оның еркіне өзімізді тапсыру мен оны жүзеге асыратын күш алу. Бұл Исаның Гетсимани бағында дұға еткен сөздері. Еврей халқы “тостаған” деген сөзді “азап” ұғымында қолданды. Иса-адам азап шегіп, айқыш ағашта өлгісі келген жоқ. Ол осы азапты Менен алып кете гөр деп дұға етті. Құдайдың Иса үшін еркі - Исаның Өз жанын қиюы болса да, Иса Құдай еркіне мойынсұнды. Оның дұға етіп болғаннан кейін достарының сатқындығын, тұтқынға алынуды, заңсыз және әділетсіз сотты, ұрып-соғуды, мысқылды, азап пен айқышқа керіліп шегеленуді қабылдауға батылы жетті. Кейбір кездері біз дұға еткенде Құдай еркін іздеуден қашып, “сенің еркің болса” деген сөзді дұғамыздың аяғында айтамыз. Иса бұл сөз тіркесін біз сияқты қолданған жоқ. Өзіміз үшін дұға еткенде, Құдаймен шыншыл болып, барлық сезімдерімізбен және қалауларымызбен ашық бөлісу керекпіз. Құдай еркін білгенше дұға ету қажет. Құдай еркі мен біздің ниеттеріміз қарама-қайшы келген кезде, “менің тілегім емес, Сенің дегенің болсын!” деп дұға етуді үйрену керек. Егер біз Құдай еркін шын жүрекпен орындағымыз келсе, Құдай бізге оған қажет күш-жігер береді. Қорытындылайтын болсақ, біз Құдайға сеніп, Оның бізді дұға етуге шақырып, дұға етіңдер деп аманаттағанын жете түсінуіміз керек. Дұға етудегі кедергілер мен оларды жеңудің жолдары 1. “Сондықтан сауығып кету үшін, жасаған күнәларыңды бір-біріңе айтып мойындап, бір-бірің үшін сиыныңдар! Әділ адамдардың Құдайға сиынуларының күші орасан зор” (Жақыптың хаты 5:16). Мойындалмаған күнә дұға етуге кедергі болады. Кімнің дұғасы ұтымды? “Әділ адамның”. “Әділ” сөзінің екі мағынасы бар. Бірінші мағынасы - Құдаймен және басқа адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу. Екінші мағынасы - ізгі нәрселерді істеу. Өмірімізде Құдай алдында мойындамаған күнәмыз болса, онда дұғаларымыз әділ адамның дұға етуімен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз және пайдасыз. Дұғаларымыз күшке ие болып, ұтымды болсын десек, күнәларымызды мойындап, тәубе ету (күнә жасауды тоқтату) керекпіз. 2. “Сұрасаңдар да, ие бола алмайсыңдар, себебі ізгі ниетпен емес, арам құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін сұрайсыңдар” (Жақыптың хаты 4:3). Ізгі ниетпен дұға ету де шын көңілмен дұға етуге кедергі жасайды. Егер біз Құдай еркіне немесе өзіміздің рухани өмірімізге көңіл бөлмей дұға етсек, біздің осындағы ниетіміз ізгі емес. Шынай дұға еткенде, біз Ол ойлағандай ойланып, Ол сүйгендей сүйіп, Оның қалағанын қалап, дүниеге Оның танымымен қарай бастаймыз. Біздің Оның еркі орындалсын деген ниетіміз дұғадағы менмендігімізді алмастырады. Забур жырларының 37:4 аятында Құдай бізге жүректеріміздің тілегін береді деген керемет уәде бар. Осы уәденің шарты не? “Тәңірге шаттаныңдар”. Біз Тәңірге шаттанғанда, Ол біздің Оған ұнамды болып, Оның бізге бергісі келетін нәрселерін қалауымызға түрткі болады. 3. “Ал сиынып тұрған кездеріңде біреуге өкпелерің болса, оны кешіріңдер! Сонда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешіреді. Егер өздерің кешірмесеңдер, көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді” (Марқа жазған Ізгі хабар 11:25-26). Біздің Тәңіріміз әрқашан кешірмейтін рух немесе басқа адамдармен жаман қарым-қатынаста болу біздің дұға етуімізге кедергі болады деп үйреткен. Матай жазған Ізгі хабар 5:23-24-те Құдайдың құрбандық үстеліне тарту-сыйыңды әкелмес бұрын, өзіңе өкпелеп жүрген бауырыңмен татулас деп айтылған. Петірдің 1-хатының 3:7 аятында әйеліне ілтипат пен қамқорлық көрсетпейтін күйеу сиынғанда, оның осындай мінезі дұға етуіне кедергі болады деп айтылған. Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болып, рухани өсіп, ұтымды дұға ету үшін бізге қарсы күнә жасаған адамдарды кешіруіміз қажет. Кешіру сезім емес, ол мойынсұну әрекеті. Біз басқа адамға қарсы күнә жасасақ, сол адамнан кешірім сұрай керекпіз. Кейбір кездері адамдар кешірімді дұрыс сұрай алмайды, оның себебі олардың күнәларын мойындамауы. Біз: “Кешір, бірақ сен осылай істемегеніңде, мен күнә жасамайтын едім” деп күнәмызды басқаға жаппауымыз керек. Тағы адамдардан кешірім сұрағанда, не үшін сұрайтынымызды айтпай, “Кешірші мені” деп жай айта салмауымыз да керек, өйткені мұндай жағайда адамдар біздің не туралы сөйлеп жатқанымызды да мүлдем түсінбеуі мүмкін. Кешірім сұраудың ең жақсы жолы - қандай күнә жасағанымызды айтып, “Менің сол күнәны істегенім дұрыс емес, сол үшін сенен кешірім сұраймын. Сен мені кешіресің бе?” деп күнәмызды мойындау. 4. “Одан не сұрасақ та, аламыз. Өйткені Тәңірдің өсиеттерін орындап, Ол не қаласа, сона істейміз” (Жоханның 1-хаты 3:22). Мойынсұнбаушылық сиынғанда кедергі болады. Лұқа жазған Ізгі хабар 6:46 аятта Исаның қойған сұрағы естеріңізде бар шығар: “Егер сендер айтқанымды орындамасаңдар, несіне Мені “Мырза, Ие” дейсіңдер?”. Дұғаларымыз жауапсыз қалса да, Оған мойынсұну бізге көмектеседі. 5. “Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайға сиынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ” (Марқа жазған Ізгі хабар 11:24). “Тек шүбәланбай, сеніммен сұрауларың керек...” (Жақыптың хаты 1:6). Киелі жазбадағы көптеген аяттар дұға ету үшін сенімнің қажет екендігін ерекше атап өтеді. Сенбеушілік немесе сенімнің аздығы дұға етуде кедергі болады. “Баланың әкесі (көзіне жас алып): - Мен сенемін. Сенімім жетіспегенде оны нығайта көріңіз! - деп дауыстап жіберді” (Марқа жазған Ізгі хабар 9:24). Көптеген сенушілерде сенім туралы қате түсінік қалыптасқан. Олар бір нәрсе болады деп қатты үміттенсек, ол қайткенде де іске асады және оның іске аспау мүмкіндігін мүлдем елемеу арқылы сенімімізді өсіре аламыз деп сезінеді. Мысалы, менің балам қатты ауырып қалды делік. Мен ол қайткенде де сауығады деп үміттенемін. Баламның жазылмай қалу мүмкіндігін қабылдамау - сенім емес, сенімнен мүлдем басқа нәрсе. Киелі кітапта: “Құдай Сөзі арқылы сенім келеді” деп айтылған. Шынайы сенім Құдай Өзінің Сөзі арқылы көрсеткен Оның еркіне негізделеді. Оның Сөзі біздің бойымызда деген аят естеріңізде шығар. Біз Құдай Сөзін оқығанда, не нәрсенің Оның еркі екенін біліп, Оның еркіне қарсы келетін нәрселер үшін дұға етудің пайдасыз екенін білеміз. Киелі Рух біздің жүректерімізде дұға ету сенімін тудырады. Ол бізге белгілі бір нәрсе жүзеге асу үшін дұға ету керек деген сенім береді. Біздің дұғалық өтінішіміз Киелі кітаппен үйлесімділікте болу керек. Осылайша, біз сеніммен дұға етеміз. Бізге сеніммен дұға етуге көмектесетін Құдай еркін айқын білу әдетте Құдай Сөзі туралы ойланып-толғанғанда келеді. Бұлай дұға ету Киелі Рухтың жетелеуінен басталатынын білдіреді. Құдайдың даусын естіп, Оның еркін білгеннен кейін, біз басқалар үшін дұға етеміз. Біз басқалар үшін Оның еркіне сай дұға етеміз. Иса да, Оның елшілері де, пайғамбарлардың ешқайсысы да басқа адамдар үшін дұға еткенде, дұғаларын “егер сол нәрсе сенің еркің болса” деп аяқтамады. Олар басқалар үшін дұға еткенде, Құдай еркін білеміз деген сеніммен дұға етті. 6. “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне - көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге арналған хат 6:12). Шайтанның бізге қарсы ісәрекеті біздің дұға етуімізге кедергі. Осындай соғыстың мысалын Даниел пайғамбардың тәжірибесінен көре аламыз. Даниел пайғамбар өз дұғасына жауапты шайтанның қарсы тұру себебінен кешірек алды. Біз шайтанды жеңу үшін не істейтінімізді білеміз. Елші Пауыл ефестіктерге Құдайдың “рухани қару-жарағымен” жабдықталып, шайтанға тойтарыс беріңдер деп айтады. Сол “рухани қару-жарақ” біздің өміріміздегі дұғаларды тиімді етеді. Біз Мәсіх шайтанды толығымен жеңді деген сеніммен дұға етеміз. Біз Исаның атымен, Құдайдың бізге ашылған еркіне негізделіп, “Сендердегі Киелі Рух күнәқар дүниені билеп тұрған шайтаннан құдіретті” деген сеніммен дұға етеміз. 7. “Мені шақырып, Маған келіп, Маған дұға етесіңдер де, Мен сендерді еститін боламын. Мені іздейсіңдер де, табатын боласыңдар, егер шын жүректеріңмен іздесеңдер” (Еремия пайғамбардың жазбасы 29:12,13). Рухани әлсіздік немесе бостық дұға етуге бөгет болады. Тиімді дұға күнделікті тіршілігіміздің дәстүрі емес және шын жүрекпен етілмеген дұға да пайдалы дұға емес. Біз рухани әлсіз болғандықтан, “көңіл-күйіміз түскенде” дұға етпейміз де, өзімізді өзіміз ақтай бастаймыз. Қайта дұға етуге қиын болғанда, бар күшімізді салып, қатты дұға етуіміз керек. Рухани әлсіздік әдетте біздің дұғаға аз уақыт бөлетінімізді көрсетеді. Исаның жұрт алдындағы дұғасы әрқашан қысқа болды. Бірақ біз кейбір кездері Оның түнімен оңаша дұға еткенін білеміз. Иса Әкесімен оңаша болып, тілдесіп, дұға ету үшін жиі таң атпай тұратын. Исаның дұға етуін үлгі етіп, біз де оңаша дұғада көп уақыт өткізуіміз керек. Құдайды жақыннан танудың бір сыры - Онымен уақыт өткізу. Құдаймен аз әрі асығыс уақыт өткізетін адам Онымен тығыз қарым-қатынаста бола алмайды. Мойындалмаған күнә, кешірмейтін рух, мойынсұнбаушылық, сенімнің аздығы, шайтанның шабуылы мен рухани әлсіздік, міне осының бәрі біздің дұға етуімізге бөгет жасайды. Дұға етуге не нәрсенің бөгет жасайтындығын және онымен күресудің жолдарын көрсетуін Құдайдан сұраңыз.