Құдайды іздеу Құдайды іздеу

Ең маңыздысы – жүрек


kudai.kzЖүрек - өте маңызды. Осыны бізге айтып-түсіндіріп жатудың керектігінің өзі біздің өзімізге тиісті өмірден қаншалықты алшақтап кеткенімізді көрсетеді. Киелі кітапта жүрек тақырыбы туралы басқа тақырыптарға қарағанда, ол ізгі істер болсын, сенім не мойынсұну болсын, ақша болсын, тіпті мадақтаудың өзінен көбірек айтылады. Мүмкін Құдай біз ұмытқан бірдеңені білетін шығар? Бірақ әрине, қалғандардың бәрі де жүрек туралы айтады. Бірнеше үзінді келтірейік: «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!» (Заңды қайталау 6:5). Иса осы өсиетті өсиеттердің ішіндегі ең ұлы өсиет деп атайды. Бұнда да ең алдымен жүректің айтылатынына назар аударыңыз. Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жан дүниесіне қарайды (1Пат.16:7). Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда (Лұқа 12:34). «Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе» (Нақыл сөздер 3:5). «Күнә жасамау үшін Саған қарсы, жүрегіме сақтадым айтқандарыңды» (Забур 118:11). «Бұл халық Мені тек аузымен сыйлайды, ал жүректері менен тым алшақ» (Матай 15:8). «Өз жолы адамға түзу боп көрінер, ал оның жүрегін Жаратқан тексерер» (Нақыл сөздер 21:2). Киелі кітапта жүректі қорқытуға, жаралауға, тесіп тастауға, қайғыландыруға, тіпті қарс айыруға да болатыны туралы айтылады. Бұның бәрін біз жақсы білеміз. Бір жақсысы, қуантуға да болады. Жүрек түгел немесе бөлінген бола алады. Біз кейде айтып жатамыз ғой: «Бір жағынан, мен бұны қалаймын, екінші жағынан, қаламаймын» - деп. жүрек дана немесе ақымақ бола алады. Ол тұрақты, сенімді, күшті, батыл бола алады. (Осының бәрін сіз киелі кітаптың кез келген сөздер тізімінен жүрек деген сөзді қарап таба аласыз). Жүрек қорқақ, әлсіз болып, қорқыныштан балауыздай ери алады. Жүрек кезбе, ұмытшақ, қасарысқан бола алады. Зұлым әрі қыңыр да бола алады. Сіз бұларды да білетін шығарсыз деп ойлаймын. Бір таңғаларлығы, жүрек таза да бола алады екен. Бұл Исаның мына сөздерінен көрінеді: «Жүректері пәк тазалар бақытты: Олар Құдайды көретін болады!» (Матай 5:8). Немесе: «Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Құдайдың хабарын тыңдап, ізгі, таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім береді» (Лұқа 8:15). Киелі кітап жүректі адамның барлық тапқырлығы, батылдығы, сенімнің қайнар көзі ретінде қарастырады. Ол біздің нанымымыз, үмітіміз және ең бастысы, біздің сүйіспеншілігіміздің қайнар көзі (Нақыл сөздер 4:23). Ал бұл - өміріміздің басты қасиеті. Қазір бір мезетке өз жұмысыңыздағы өміріңізді еске алыңыз. Неге соншама адам өздерінің жұмыстарына көңілдері толмайды, не зерігеді, не одан мүлдем ығыр болған? Неге олар дүйсенбінің таңертеңін соншама жек көріп, жұма күні болғанда “Құдайға шүкір, міне жұма да келді» - дейді? Олардың жүректері олардың жұмысында емес. Одан мүлдем алыс. Олар өздерінің қазіргі өмірлеріне қалай келіп жетсе де, бұл жүректің қалауымен болған жоқ. Олардың махаббыт өмірлері туралы да осыны айтуға болады. Бұзылып жатқан қарым-қатынастар неліктен соншама көп? Себебі ондағы екі адамның біреуі немесе екеуі де оны толыққанды етуге тырысқылары келмейді. Айта берсең мысалдар көп. Неге соншама адам түңіліп, күдер үзіп жүр? Себебі олар өз жүректерін жоғалтқан. Біз неге өзіміздің құмартып алған жағымсыз нәрселерімізден бас тарта алмаймыз? Себебі біз бұрын немқұрайлы болып немесе түңіліп отырғанда өз жүрегімізден айрылып қалдық, енді оны қайтадан қолға түсіре алмай отырмыз. Жүректің біздің өмірімізде басты орын алатынынан қалай болса да қашып құтыла алмайсың. Құдай бұны біледі, сондықтан жүректі адам денесінің ортасына орналастырғандай, жүрек тақырыбын ол киелі кітаптың орталық тақырыбына айналдырды. Жүрек ортада орналасқан, өз өмірлерімізді қайта табу үшін біз оны қайта ортаға қоюымыз керек.