Наин. Тірілу қаласы
Наин. Тірілу қаласы
Иса туып-өскен Назарет қаласының қасында Наин деген әдемі, кішкене қала бар, бұл еврей тілінен аударғанда «ұнамды, сүйкімді» деген мағынаны білдіреді. Бүгінгі күні де Наин қаласы сол көне қаланың орнында, үйлер бұрынғыдай Галилей төбесіне қарай созылып салынған... Қаланың кіре берісіне жақын жердегі басты көшенің астынан археологтар қала қақпасының қалдықтарын тапқан. Ал таудың оң жақ етегінде көне молалардың орны бар. Моланың басына қойылған ескерткіш тастар әлі күнге дейін көрініп тұр. Бүгінгі күні де Наин қаласының көркі өте әдемі – алуан түрлі гүлдер, сайраған құстар үні, жасыл желекке оранған әдемі дала. Қазіргі күні Наинде бірнеше мыңдаған арабтар тұрады. Қаланың сырт көрінісіне қарағанда, көптеген мұнаралар аспанға инеше шаншылып тұрғандай. Оған көлікпен кіруге тыйым салған. Бұл кішкентай қала осы жерде Мәсіхтің керемет іс жасағанының арқасында Жаңа Өсиеттің тарихына енген. Бұл жайында әңгімелейік пе? Бұл оқиға туралы Лұқа жазған Ізгі хабардың жетінші тарауында айтылған. Оқиға былай: Иса Мәсіх шәкірттерімен бірге Қапарнаум қаласынан Яһудеяға баратын жолда кетіп бара жатты. Оның қасында тек шәкірттері ғана емес, қаумалаған көп халық бар еді. Олардың жолында Наин қаласы жатқан. Олар қала қақпасының алдында жерлеу рәсімінің үстінен түсті. Қала тұрғындары жас жігіттің мәйітін алып келе жатты. Жасыл желекті әдемі қаланың тыныштығын зарлап жылаған ананың дауысы ғана бөледі - өлген жігіт осы әйелдің жалғыз ұлы екен. Жақын ешкімі жоқ ол енді жалғыз қалады. Сол сұм заманда онсыз да жесір әйелдің баласыз қалуы қандай екенін Иса жақсы білді. Құдай адамдардың қайғысына жайбарақат қарамайды. Иса байқұс әйелді қайғы-қасірет үстінде тастап кеткісі келген жоқ. Сол жерде, ертеде қанды шайқас болған қала қақпасының алдында Иса өлімге қарсы тұрды. Ол мәйітті молаға апара жатқандарды тоқтатты. Мәсіх балаға қолын тигізіп, оны тірілтті де, анасына тапсырды. Әйелдің қуанышы мен таңданысында шек болмады. Бұл оқиға не жайында екенін сен білесің бе? Иса Мәсіхтің Құдіретті Құдай екендігі жайында. Ол өлім мен өмірге билігін жүргізеді. Киелі кітаптың айтуы бойынша, біз «Құдайдың бұйрығын бұзып, күнә жасай бергендіктен» рухани өліміз. Ал рухани өлілердің орны – тозақ. Алайда Иса бізді тозаққа бара жатқан жерімізден тоқтатып, тірі Құдайға деген тірі сенім беру үшін жер бетіне келді. Ал сен Құдай үшін, сенім мен мәңгілік үшін қайта тірілдің бе?